«Жәңгір хан» кубогі сарапқа салынды

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде  ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай ЖОО студенттері арасында қазақ күресінен батыс аймақтық «Жәңгір хан» кубогіне арналған жарыс өтті.

«Жәңгір хан» спорт кешенінде өткен жарыстың ашылу салтанатына Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов, Жәңгір хан университетінің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов, Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Шерғалиев, спорт саласының өкілдері қатысты.

Атап өтсек, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ мен Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі бірлесе ұйымдастырған қазақ күресі сайысына М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті; Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық  университеті; Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті; сондай-ақ Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті (Ақтөбе); Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті;Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті; Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті командалары қатысты.

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінен спортшылар алып келген аға оқытушы Рафаэль Хаберов егемендік жылдарында ұлттық спорттың осы түрі қарқынды даму үстінде екенін айтты. Сонымен бірге Р.Хабиров – ҚР БҒМ жанындағы ғылыми-практикалық орталығының студенттер лигасы спортына батыс аймақтар бойынша жауапты маман екен.

 – Әлемде 40-тан астам мемлекет осы қазақ күресімен танылды. Болашақта ұлттық күресіміз Олимпиада ойындарының қатарына кіреді деген үміттемін. Оралдағы Жәңгір хан университетіндегі жарыс та жоғары деңгейде ұйымдастырылды, – деді Рафаэль Ралитұлы. Айтуынша, Атырау қаласының оқу орнынан он жас палуан өз бақтарын сынады. Құрамында түрлі жарыстарда жүлдегер атанып жүрген палуандар жинақталған команда бапкерлерін жерге қаратпай жүлделі орыннан көрінді.

Жарыс нәтижесінде БҚАТУ командасы жеңіске жетіп, «Жәңгір хан» кубогы университетіміздің қоржынында қалды. Ал жүлделі екінші және үшінші орындарды Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті өзара бөлісті. Тағы бір айта кетерлігі, қазақ күресінен «Жәңгір хан» кубогіне арналған жарыс бұған дейін дәстүрлі түрде облыстағы жоғары оқу орындарының арасында ұйымдастырылып келсе, биыл алғашқы рет батыс аймақтар деңгейінде жалғасын тапты.

090009, Қазақстан Республикасы, Орал қаласы, Жәңгір хан көшесі, 51
  • Ректор қабылдауы:8 (7112) 50 13 74
  • Кеңсе:8 (7112) 52 21 00
  • Қабылдау комиссиясы:8 (7112) 50 24 01
  • Е-мейл:zapkazatu@wkau.kz
Жаңалықтарға жазылу