Спорттық нысандар ашылды

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында және «Қала күні» мерекесіне орай стадион кешені мен жазғы алаңдар салтанатты түрде ашылды.

Спорттық нысандардың ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров қатысты. 

Алдымен келген қонақтар тренажерлық құрылғылар қойылған ашық аспан астындағы жазғы алаңдарды аралады. Жәңгір хан университетінің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов келген қонақтарды білім алушыларды салауатты өмір салтына тәрбиелеу, дене шынықтыру және спорт бойынша кәсіби дағдыларын жетілдіруге бағытталған жұмыстармен, студенттердің спорттағы жетістіктерімен таныстырды.

Бұдан әрі заманауи тұрғыда жабдықталған стадион кешені жанына жиналған меймандар, қала тұрғындары, университет оқытушылары мен білім алушылары салтанатты іс-шараның куәсі болды. Жаңа стадионның лентасын қию рәсімі облыс әкімінің орынбасары Б.Нарымбетов пен университет ректоры А.Наметовке берілді.

Білім ордасының ұжымы мен студенттерін «Қала күні» мерекесімен және жаңа спорттық нысандардың ашылуымен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы: – Орал қаласының төл мерекесіне орай көптеген іс-шаралар өткізілуде. Ал Жәңгір хан университетінде ашылып отырған стадион мен спорт алаңдары  – өткен жылы басталған үлкен жұмыстың жалғасы. Мұның барлығы – оқу орны басшылығының, құрылтайшылардың студенттерге деген үлкен сыйы, – дей келе, өңірімізде спорт саласын дамыту мақсатында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Сондай-ақ Жәңгір хан университеті жастарының ғылым мен спорттағы жетістіктері көбейе түсуіне тілектестігін білдірді.

Құттықтау сөз алған университет ардагері, гір тасы спорты бойынша Қазақстан Республикасының жоғары дәрежедегі төрешісі Николай Коломоец, Жәңгір хан университетінің мақтанышына айналған спортшы, жауынгерлік самбодан Азия чемпионатының қола жүлдегері Әділбек Сейсов университет қабырғасында білім-ғылыммен бірге спортта биік белестерді бағындыратын жастар көбейе түсеріне сенім білдірді.

Салтанатты іс-шара барысында облыс әкімінің және университет басқармасының білім грантын иеленген студенттерге сертификаттары табысталды.  

Жаңа нысандардың ашылу салтанатына орай университет спортшылары мен қызметкерлері арасында жолдастық кездесулер өтті.

090009, Қазақстан Республикасы, Орал қаласы, Жәңгір хан көшесі, 51
  • Ректор қабылдауы:8 (7112) 50 13 74
  • Кеңсе:8 (7112) 52 21 00
  • Қабылдау комиссиясы:8 (7112) 50 24 01
  • Е-мейл:zapkazatu@wkau.kz
Жаңалықтарға жазылу