Мемлекеттік білім грантын иелену үшін басымды құқықтар

Білім беру грантын алуға арналған конкурс өткізілген кезде, сондай-ақ жоғары бiлiм кадрларды даярлауға мемлекеттiк білім беру тапсырысы бойынша бiлiм алушылардың құрамына қабылдау кезiнде балдар тең болған жағдайда басым құқық мынадай кезектілік бойынша беріледі:

  • «Алтын белгi» белгiсімен марапатталған тұлғалар;
  • патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен наградталған адамдардың;
  • техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының білім туралы құжаттары бар, біліктілігін растаған және мамандығы бойынша кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар тұлғалар;
  • тiзбесiн бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган айқындайтын жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған), орындаушылардың халықаралық және республикалық конкурстарының және спорттық жарыстардың (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңiмпаздары, сондай-ақ өздерi таңдаған мамандықтар олимпиаданың, конкурстың немесе спорттық жарыстың пәнiне сәйкес келген жағдайда жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша ағымдағы оқу жылында президенттік, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) жеңiмпаздары;
  • жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, жеңілдіктері мен кепілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген тұлғалар, медициналық қорытындыға сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында оқуға қарсы айғақтары жоқ бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар және үздік білімі туралы құжаттары (куәліктері, аттестаттары, дипломдары) бар тұлғалар.

Бұл ретте балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда білім беру гранттары аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балдары жоғары тұлғаларға беріледі.

Балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда, сондай-ақ аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балдары бірдей болғанда бейіндік пән бойынша алған балдары ескеріледі.

Жоғары білімнің білім беру грантын беру бойынша басым құқық болмағанда, балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балдары жоғары тұлғаларға беріледі.

Балдардың көрсеткіштері бірдей және басым құқығы болмаған кезде, сондай-ақ аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балы бірдей болғанда бейіндік пәндер бойынша алған балдары ескеріледі.

Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін, сондай-ақ кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген тұлғалар үшін конкурс көрсетілген санаттар арасында бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысының жалпы көлемінен бекітілген квоталар бойынша өткізіледі.

Білім беру грантын алуға арналған конкурсқа қатысушы тұлғалар үшін қабылдаудың көрсетілген квоталары барлық мәлімделген білім беру бағдарламалары тобына таратылады.

Квота бөлінген даярлық бағыттарында шығармашылық емтиханы бар білім беру бағдарламаларының тобы болған жағдайда, білім беру грантын беру кезінде ҰБТ-ға қатысушының тестілеу нәтижелері үтірден кейінгі бір белгіге дейін дөңгелектелген ең жоғары ықтимал балға пайыздық қатынаста салыстырылатын болады.

Балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда білім беру гранттары аттестатының, куәлігінің немесе дипломының орташа балы жоғары тұлғаларға беріледі.

Аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балы бірдей болған жағдайда бейіндік пән немесе шығармашылық емтихан бойынша алған балдары ескеріледі.

Ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін квота көзделген білім беру бағдарламаларының топтарына арналған конкурс мынадай түрде өтеді: білім беру бағдарламаларының топтары бойынша гранттардың жалпы санының 70 пайызы жалпы конкурс тәртібімен беріледі, ал гранттардың қалған 30 пайызына конкурс тек ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін өткізіледі.

090009, Қазақстан Республикасы, Орал қаласы, Жәңгір хан көшесі, 51
  • Ректор қабылдауы:8 (7112) 50 13 74
  • Кеңсе:8 (7112) 52 21 00
  • Қабылдау комиссиясы:8 (7112) 50 24 01
  • Е-мейл:zapkazatu@wkau.kz
Жаңалықтарға жазылу