СТУДЕНТТЕР ҚАТАРЫ ТОЛЫҚТЫ

010913-2Міне, тағы да бір оқу жылы басталды. Биыл Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетінің студенттер қатары жаңа лекпен толықты. Қиялдарын қанаттарына байлап, армандарын арқалап келген жас ұландар бүгіннен бастап өмір кітабының «студенттік кезең» атты ақ парақтарын безендіретін болады. Алыс-жақын облыс пен ауылдарынан арман қуып аттанған талапкерлердің ішінен бағы жанып, емтиханнан сүрінбей өтіп, студент атанғандары батыс өңіріндегі іргелі оқу орындарының бірі саналатын Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеттің табалдығын аттады.

Білім мерекесіне жиналған ұстаздар мен ата-аналарды, жалынды жас-студенттерді, соның ішінде білім мен ізденісті, еңбек пен таудай талапты бірге ұштастырып, жоғары білім алуға келген І курс студенттерін алғаш боп университет ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Бозымов Қазыбай Қараұлы Білім күнімен құттықтап, айтулы мерекенің елеулі оқиғамен, яғни білім ордасының 50 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отырғандығын атап өтті. Студенттер қатарын толықтырған 1288 бірінші курстықтардың 487-сі мемлекеттік грант иегері, 65-і орта арнаулы оқу орындарын үздік дипломмен тәмамдаған түлектер болса, 471-і ақылы негізде білім алатын болды. Ата-ана мен ұстаздың үмітін ақтап, өз білім деңгейін көрсете алған грант иегерлерінің көшін 118 баллмен политехникалық факультеттің көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру мамандығы бойынша білім алатын Мұрагелдиева Райхан Мұрагелдіқызы бастап тұрғанын баян етті. «Студенттерге оқуға жағдай жасау да маңызды. Әсіресе, жатақхана мен білім ордаларының техникалық базасын әркез назарда ұстайтын университет басшылығы жыл сайын І курс студенттерін 100 пайыз жатақханамен қамтамасыз етіп отырады. Биыл да бұл үрдіс жалғасын таппақ.» - дей келе Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Астрахан, Самара, Саратов, Орынбор, Батыс Қазақстан облысының еліме пайдамды тигізу үшін сапалы білім мен саналы тәрбие аламын деген студенттерге тек сәттілік тіледі.

Аға буын атынан сөз алған университет ардагерлері кеңесінің төрағасы, экономика ғылымдарының кандидаты Шамғонов Әскерғали Шамғонұлы да биылғы оқу жылында студенттерге таудай талап, ізденіс, қажымас қайрат, таусылмас төзім тілеп, батасын берді.

Бірыңғай Ұлттық тестілеу кезінде 100-ден жоғары балл жинап, мектебі мен ата-анасының, ал бүгін университеттің мақтанышына айналып отырған 10-нан астам І курс студенттеріне студенттік билеттері мен сынақ кітапшалары салтанатты түрде табыс етілді.

Қазақстан Республикасының Президенті шәкіртақысының иегерлері, университтің белсенді студенттері, оқу озаттары, Машина жасау факультетінің 4 курс студенттері Н.Е.Савельева мен А.А.Асылғали І курс студенттеріне сәт сапар тілеп, ҰБТ нәтижесі бойынша 118 балл иегері, политехникалық факультетінің І курс студентттері Р.М.Мұрагелдинова мен 117 балл иегері Ж.Бисенғалиға білім бұлағының көзін ашар алтын кілтті табыстады.

Шара барысында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 50 жылдық мерейтойына орай университеттің бір топ қызметкерлері білімді маман даярлап, университеттің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқаны үшін «Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне – 50 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

Салтанатты жиын соңы халықаралық және республикалық байқауларда жүлдегер атанған өнерлі студенттердің мерекелік концертіне ұласты.

Вы здесь: Главная Магистрантам Студенттер қатары толықты
Вы здесь: Главная Магистрантам Студенттер қатары толықты