Ассамблея жылы бастау алды

Ассамблея – еліміздегі бірлік пен келісімнің киелі бесігі,
тұтастық пен тұрақтылықтың құтты шаңырағы.
Н.Ә.Назарбаев

assam130215-16-ақпан күні Отанымыздың барлық өңірлерінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жылының ашылуына арналған шаралар басталды. Мұны ел өміріндегі ерекше оқиға ретінде бағалаған жөн. Бұл шара біздің өңірімізде Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің алаңынан бастау алды. Оқу ордамыздың алаңына жиналған қаламыздың белсенді жастары түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық билерін билеп, Қазақстан халқы Ассамблеясының эмблемасы мен шарлар ұшырды. Флеш-мобтан кейін облыс әкімі Н.А.Ноғаев пен соғыс және еңбек ардагері И.Гапич Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының туын көтерді. 

Шара облысымыздың шығармашылық ұжымы дайындаған салтанатты жиынмен жалғасын тапты. Өңіріміздің этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері мен түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық нақыштағы әсем киімдерін киген қыздер бір шаңырақ астында жарасымды, өзара түсіністікте өмір сүріп жатқандығын паш етіп, сақшыдай сап түзеп, келген қонақтарды ерекше құрметпен қарсы алды.

Салтанатты жиынның ашылуында облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құттықтауын оқып берді. «Бүгін елімізде менің Жарлығыммен жарияланған Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы ресми ашылып, басталады.Жыл ең басты ортақ құндылықтарымыз – Тәуелсіздігімізді, егемендігімізді, бірлігімізді, Қазақстан халқының бейбітшілігі мен келісімін сақтауға арналады.Осыдан 20 жыл бұрын, 1995 жылдың 1 наурызында біздің қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтауға арналған бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойдым.Осы уақыт аралығында Ассамблея шынайы түрде жалпыхалықтық, азаматтық, саяси мүдделерден жоғары тұрған ұйым ретінде танылды, конституциялық мәртебеге ие болды. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын маңызды құрылымға айналды.

Сондықтан Ассамблея жылы – 17 миллион қазақстандықтың ортақ мерекесі. Еліміздің әрбір азаматы атамекеніміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға жауапты екенін айқын сезінуі керек. Бұл – Қазақстан болашағының негізі.

Ассамблея жылы «Қазақстан – 2050» Стратегиясының мақсаттарына жетудің нақты істері мен жаңа жетістіктері жылы болады» - делінген құттықтау сөзінде.

Шара барысында облысымыздың өнерлі, шығармашылық ұжымы ән-күйден, жырдан шашу шашып, барлық қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Концертті Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншілері Д.Есентеміров пен Е.Өтегенов және М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің хор ұжымы «Елім менің» әнімен бастап, көрермендерді бір серпілтіп тастады. Кейін облыстық Қазақ драма театрының актерлері сахналық көрініс қойып, Қазақ хандығының негізін салушы Жәнібек пен Керей хандарды, ұлы ақын, қазақ халқының кемеңгер ойшылы Абай Құнанбайұлын, ғалым, зерттеуші, жұлдыздай жарқырап, ерте сөнген, алайда еліне, халқына өшпес мұра қалдырған Шоқан Уәлихановты, аты аңызға айналған қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы мен Иван Панфиловты сахналады. Актерлердің образдарды шынайы сомдағаны соншалық - ұлт тарихындағы ұлылардың арамызда жүргендей әсер қалдырды. Сондай-ақ, «Қыз Жібек» ансамблінің мың бұралған бишілері «Достығымз мәңгілік» биін нақышына келтіріп орындаса, «Батыс star»» квартеті «Алға, Қазақстан!» әнін шырқағанда, залда отырған халық орнынан тұрып, қошемет білдірді. Кейін облыс әкімі, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрлан Асқарұлы Ноғаев сөз сөйлеп, Ассамблея жылын тойлау көпұлтты мемлекетіміздің мерейін көтеретін, әлемдік деңгейде ой салатын оқиға екенін, алдағы уақытта ауқымды істердің атқарылуы қажет екендігін ерекше атап өтті. «Жиырма жыл бұрын Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында біз ел бірлігінің ең бірегей және айқын жолын таптық. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы болатын. Күні бүгін біз «Ассамблея дегеніміз – бұл барлық 17 миллион қазақстандық» деп үлкен мақтанышпен айта аламыз. Залда отырған ардагерлер де өздерінің жанқиярлық ерлік пен жасампаз еңбектерінің арқасында достығымызды мәңгіге бекітті. Аталарымыз бен әкелеріміздің еліміздің жарқын болашағы жолындағы ұлы ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Ассамблея – бұл Президентіміздің бейбітшілік пен келісім саясатының жеңісі, этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісінің жемісі» - деді облыс әкімі Н.А.Ноғаев өз сөзінде.

Сондай-ақ облыс әкімі Н.А.Ноғаев облыс бойынша өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бейбітшілік пен келісім жол картасы» мегажобасының  тұсауы кесіп, Орал қаласының әкімі Алтай Көлгіновке мегажобаның символдық белгісін табыстады.

Бұл мегажоба 3 кезеңмен, алдымен облыстың ауылдық округтері, одан кейін аудандардың және жоғары оқу орындарының арасында өткізіледі. Мегажоба аясында әлеуметтік мәні бар жобалардың тұсаукесерлері жасалып, шығармашылық көрмелер, тәжірибе алмасу бағытындағы дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады.Эстафетаны қабылдап алған Алтай Көлгінов көпшілікті Ассамблея жылымен құттықтап, биыл акция аясында 300-ден астам іс-шара жоспарланғанын айтып өтті. 

Шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шешімімен 6 жерлесіміз Қазақстан халқы Ассамблеясына мүше болды. Жерлестерімізге ҚХА-ның мүшелік куәлігін облыс әкімі Н.А.Ноғаев табыс етті. Олар: «Бірлік» әзірбайжан мәдени-ағарту қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Наджаф Мамедов, «Еділ-Жайық қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Аманжол Зинуллин,  «Яик» фольклор-этнографиялық казактар орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Владимир Новиков, «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдениет орталығы» қоғамдық бірлестігінің Орал қаласындағы бөлімшесінің жетекшісі Әсиям Усенова, БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-ның басшысы Александр Әжіғалиев,  «БҚО бойынша республикалық дүнген мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі филиалының жетекшісі Абдуманап Каримов, «Орал «Хаймат» неміс мәдени-ағарту қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Эдуард Фрицлер сынды жерлестеріміз.

Сонымен қоса, Қазақстан халқы Ассамблея жылының аясында бірқатар байқаулардың тұсаукесерлері өткізілді. Олардың қатарында «Мейірімділіктен бірлікке», «Мың бала», «Ұлттың рухы», «Армандаған мамандық», «Шаңырақ» «Жүректен жүрекке», «Жаңа ойлар табысқа жетелейді», «Тарихтан тағылым өткенге тағзым» жобалары бар. Бұл жобалардың қорытындысы Ассамблея жылының аяқталу кезеңінде жасалатын болады.

Салтанатты жиын соңында Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әні шырқалып, жиналған халық орнынан тұрып қошемет білдірді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ»,-деп бекер айтпаса керек. Бірлігіміз бекем, татулығымыз мәңгі болғай!

assam130215-2

assam130215-3

Вы здесь: Главная Магистрантам Ассамблея жылы бастау алды
Вы здесь: Главная Магистрантам Ассамблея жылы бастау алды