Бірлік пен достық баяны

Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз –
ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты
біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз.

Н.Ә.Назарбаев

sheshen20152015 жылдың 3-ақпан күні экономика және бизнес факультеті мен «Менеджмент» кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің өкілдерімен кездесу өтті. Аталмыш шараға бірлестіктің төрағасы Данильбек Саратов пен диаспораның өкілдері қатысты. Алғаш сөз алған тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор А.Ұ.Сұлтанов өткізіліп жатқан шараның маңыздылығына тоқталып, Қазақстан халқы Ассамблея жылының аясында ұйымдастырылған шараның өскелең ұрпаққа берер тәрбиесінің ерекше екенін атап өтті. «Оқу ордамызда Қазақстан халқы Ассамблея жылының бастау алуына орай көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бүгін экономика және бизнес факультетінің «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің өкілдерімен кездесу өткізуі – студент-жастарға өзге ұлттың тарихымен, мәдениетімен, өнерімен танысуға мүмкіндік береді. Сондықтан студенттеріміздің рухани дамуына қажетті, тәрбиелік маңызы зор осындай бағыттағы игі шаралар өз жалғасын таба беретініне сенімім мол»,-деді тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор А.Ұ.Сұлтанов. Шара барысында экономика және бизнес факультетінің деканы Р.С.Габдулиева сөз сөйлеп, келген қонақтарға алғысын білдірді. Шешен-ингуш халықтарының тарихы мен мәдениетінен, салт-дәстүрінен сыр шертетін бейнефильм көрсетілді. Бірлестіктің төрағасы Данильбек Саратов сөз алып, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы орны, өз ұйымдарының жұмысы жөнінде әңгімелеп берді. «1991 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ең бірінші съезіне шақырту алған кезде құрылайын деп жатқан Ассамблеяның қандай бағытта жұмыстанатынын білмедік. Көкейімізде үлкен сұрақ болды. Жиында Шешенстанда болып жатқан соғыс жөнінде бейнефильм көрсетілгенде, Елбасымыздың басты идеясын ұғындық. Осылайша еліміздің бірлігін мығым ұстайтын, татулық пен бейбітшілікті ұрандатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы дүниеге келді. Міне, биыл – еліміз үшін атаулы жыл. Алда келе жатқан барлық мерекелерді жоғары деңгейде абыроймен атқару – баршамыздың борышымыз деп білемін. Бүгін диаспорамыздың өкілдерін шақырып, біздің атқарып жатқан жұмыстарымызға қызығушылық танытқандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Бір-бірімізден жақсы үлгі алып, сыйластығымыз бен достығымыз мәңгілік болсын деген тілек білдіремін»-деді Данильбек Саратов өз сөзінде. Факультеттің өнерлі студенттері шешен халқының ұлттық биі «Лезгинканы» билеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Менеджмент» кафедрасының меңгерушісі А.А.Муфтигалиева келген қонақтарға алғыс білдіріп, шешен ұлтына тән қайсарлық пен батырлық, әйел адамдар мен үлкен адамдарға деген ерекше құрметі жөнінде ерекше атап өтті. Бірлестік төрағасы Д.Саратов пен диаспора өкілдеріне оқу ордамыздың 50 жылдығына арнайы шығарылған кітап пен естелік сыйлықтар табыс етті. Кейін кедесу этномәдени бірлестіктің өнерпаздары қойған концерттік бағдарламасына ұласты.

Вы здесь: Главная Магистрантам Бірлік пен достық баяны
Вы здесь: Главная Магистрантам Бірлік пен достық баяны