Ғалымдарымыздың жобасы өндіріске енгізілді

Қаңтар айының 22-сі күні қаламыздағы Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясының әк зауытында жасанды шағыл тасты өндіру технологияларының тәжірибелік-өнеркәсіптік сынауы өтті.

Шараның ашылу салтанатында «Алгоритм» технопаркінің директоры Арман Есекенов бұл инновациялық жобаның өңіріміз үшін маңызды екені, сол себепті ол облыс әкімдігі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Технологияларды коммерцияландыру орталығы, «Алгоритм» технопаркі, «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан қолдау тауып, оның жүзеге асуына қажет жағдайлар туғызылып отырғандығына тоқталып өтті. «Қазіргі уақытта Орал қаласының басшылығы осы өнімді облыс орталығындағы автокөлік жолдарына пайдалану мәселесін қарастыруда. Шағыл тас өңірімізге Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданынан жеткізіледі. Соған сәйкес бағасы да қымбат, орта есеппен әрбір тоннасының бағасы бізге 6-7 мың теңге көлемінде келеді. Ал біз жасанды шағыл тасты Тасқала ауданы аумағындағы кремнийлі тау жынысынан алу жобасын енгізіп жатырмыз. Таяуда шағын көлемде жүргізілген зерттеу жұмыстары бұл өнім химиялық, физикалық көрсеткіштері бойынша табиғи шағыл тастан еш кем түспейтінін көрсетті. Салмағы жағынан да жеңіл. Өзіміздің шикізатпен өзімізде өндірілгеннен соң оның бағасы да төмен болары анық. Маркентингтік зерттеулер көрсетіп отырғандай, оның тоннасының құны 4-4,5 мың теңге болмақшы. Ал бүгін өндірістік негізде үлкен көлемде, яғни 200 тонна кремнилі тау жынысынан 200 тонна көлемінде жасанды шағыл тас алу жоспарланып отыр. Ол өнімге бір апта бойы жергілікті өндіріс орындарының зертханаларында зерттеу жұмыстары  жүргізіледі. Зерттеу оң нәтиже берсе, ол кең көлемде өндіріске енгізілмекші» - деді өз сөзінде Арман Есекенов.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің Технологияларды коммерцияландыру орталығының бас директоры Дамир Егізбаевтың айтуынша мұндай жоба еліміз түгіл, әлемге таныла қоймапты. Жоба сәтті шықса, өнімнің көлемін ұлғайтып, оны әлемдік нарыққа шығаруға мүмкіндік мол. Орталық жасанды шағыл тасты өндіру технологияларының тәжірибелік-өнеркәсіптік сынауы үшін 45,5 млн. теңге сомасында грант бөлді. Ол сынақтар әзірге сәтті жүзеге асуда.

- Бірнеше жылдан бері қолға алған жобамыз бүгін өндіріске енгізіліп жатыр. Алғашқы нәтижелері де тәп-тәуір. Айта кету керек, даладан әкелінген жыныс ұнтақталып, сосын арнайы айнамалы пеште 1,1 мың градус ыссылықта күйдіреді. Сөйтіп өнім дайын болады. Өнімдерімізді алғаш біз университетімізде жаңа құрылыс нысандарын салуға қолданатын боламыз - дейді жоба авторы, Жәңгір хан БҚАТУ-дың профессоры Сәрсенбек Монтаев.

Өткен жылы университетіміздің ғалымдары бұл жобамен «Коммерцияландырудың реакторы» атты сегізінші халықаралық көрмеге қатысқаны белгілі. Шетелдіктер жобаға көп қызығушылық танытты. Солардың бірі, осы шараға Рига қаласынан арнайы келген латвиялық инвестор Висманд Менджокс зерттеу нәтижелері ойдағыдай болса, осы бағытта қазақстандық әріптестерімен бірге жұмыстану жоспарында бар екенін жасырмады. «Қытайлықтар Африка елдеріне жол салу ісіне кірісіп жатыр. Олардың инновациялық жобаларға аса мән беретіні белгілі. Бұл өнім қытайлықтар тарапынан ғана емес, өзге де дамыған елдердің мамандары тарапынан да жоғары бағасын алып, оны жол мен құрылыс жұмыстарына кеңінен пайдаланарына сенімім мол» - дейді кәсіпкер.

mont-26-1mont-26-2

Вы здесь: Главная Магистрантам Ғалымдарымыздың жобасы өндіріске енгізілді
Вы здесь: Главная Магистрантам Ғалымдарымыздың жобасы өндіріске енгізілді