Ұлы ақынның есімі ұлықталды

pushkin021214Әрбір ұлт әдебиетінің тарихында өшпес із-мұра қалдыратын заңғар суреткерлер болады. Сондай тұлға, әлем әдебиетіндегі орны ерекше орыс ақыны — Александр Сергеевич Пушкин.

Академик З.Ахметов: «Александр Сергеевич Пушкин - орыстың классикалық жазба әдебиетінің негізін салушы ұлы ақын, әрі кемел суреткер жазушысы. Оның өмірі мен шығармашылық жолы азаттық, адамгершілік идеялары үшін аянбай күресу жолы болды. Пушкин сан алуан жанрлық түрлерді еркін меңгерді. Әр қилы лирикалық өлең, поэма, әңгіме, повесть, тарихи роман, поэма, өлеңмен жазылған роман, ұсақ та, кесек те шығарма-міне, осылардың қайсысын қолға алса да, ол шындығына терең бойлап, тың көркемдік шешімдер таба алды» десе, орыс халқының жазушысы В.Г.Белинский «Пушкин барлық уақыттың және барлық халықтардың ақыны»,-деп, оның шығармашылығына зор баға берген болатын.

Пушкин мұрасы қазақ халқының да рухани қазынасы төрінен орын алуда. Бұған дәлел ретінде, 26-қараша күні Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Қазақ және орыс тілдері» кафедрасының ұйымдастыруымен А.С.Пушкиннің шығармашылығына арналған «Глаголом жги сердца людей...» атты мәнерлеп оқу сайысы өткенін атап өтуге болады. Шараның басты мақсаты – студенттердің арасында А.С.Пушкиннің шығармашылығын насихаттау, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау, тіл білу, меңгеру деңгейін арттыру, өнерлі жас дарындарды университет, қала, облыс көлемінде өтетін іс-шараларға қатыстыру.

Шара барысында А.С.Пушкиннің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін бейнефильм көрсетіліп, сайысқа қатысушылар таныстырылды. Сайысқа қатысушылардың барлығы ақынның өлеңдерін үш тілде нақышына келтіріп орындап қана қоймай, өздерінің әртістік қабілеттерін де ерекше көрсете білді. Сайыскерлердің өнерін әділ бағалаған қазылар алқасының құрамында Ғылыми кітапхананың директоры А.Б.Есенаманова, «Шет тілдері» кафедрасының аға оқытушысы Р.М.Букесова және Жастар ісі жөніндегі комитеттің бас маманы М.Б.Сралиева болды.

Шара қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен машина жасау факультетінің ТМО-12 тобының студенті Карнаухов Владислав жүлделі І орынға ие болды. Ал ІІ орынды агрономия факультетінің ТПР-11 топ студенті Қадырберлиева Разия иемденсе, ІІІ орынды машина жасау факультетінің ПСМ-11 тобының студенті Аманқос Оңғарсын қанжығасына байлады. Сондай-ақ өзінің белсенділіктерін танытқан машина жасау факультетінің ПСМ-11 топ студенті Аубекеров Изжан және машина жасау факультетінің ССМ-11 топ студенті Елтаева Аяжан Алғыс хаттармен марапатталды.

Оқу ордамызда поэзияға жаны құмар студент-жастардың өнерлері сүйсіндіріп, олардың өнерге деген құлшынысы қуантты. Университетімізде тағылымды, тәрбиелік маңызы зор шаралардың әлі де өз жалғасын таба беретініне сенімдіміз.

Вы здесь: Главная Магистрантам Глаголом жги сердца людей...
Вы здесь: Главная Магистрантам Глаголом жги сердца людей...