Үздік және белсенділер слеті - 2014

clet ozat-1Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде дәстүрлі «Үздіктер мен белсенділер -2014» слеті өтті. 

Шараның мақсаты – оқуда, ғылымда, спортта, қоғамдық шараларда белсенділік танытып, университет намысын көптеген білім бәсекелерінде абыроймен қорғап жүрген үздік студенттерді марапаттау, қол жеткізген жетістіктерін өзгелерге үлгі ету.

Университет мақтанышына айналған студенттердің жетістіктерін көпке үлгі ету мақсат мұрат еткен шара шымылдығын университет ректоры м.у.а. Н.Х.Серғалиев ашты. «Жастар – мемлекеттің стратегиялық ресурсы және ел болашағының ерекше индикаторы. Сондықтан жас азаматтардың қоғамның саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірінде барынша белсенді болуы аса маңызды. Елбасының күні кеше ғана «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы өзгерістерден қорықпай, өміршең, серпінді жобаларды жүзеге асыру жолында тың идеясы мол, өмірге жаңаша көзқараспен қарайтын жастарымызға бағытталған болатын.

Оқу ордамызда халықаралық байланыс жүйесінде студенттердің академиялық ұтқырлық бағдарламасы ерекше маңызға ие. Қуантарлығы, академиялық әріптестікті жетілдіруге мүдделі отандық университеттердің қатары артып келеді. Бүгінде еліміздің жетекші ЖОО-ларымен ел ішіндегі ұтқырлықты жүзеге асыру бағытында 30-дан астам келісімдер жасалды. Жаңа оқу жылының алғашқы семестрінде 6 студент еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білімдерін шыңдауда.

Сыртқа ұтқырлықты дамыту бағытында Голландия, Австрия, Германия, Чехия, Швеция, Испания, Литва, Россия, Латвия секілді елдердегі әріптес университеттермен арадағы келісім бар. Қазіргі таңда Чехияда 7 студент-магистрант білімдерін толықтыруда. Жақында Қазақстандық ЖОО-ның білім беру және бағдарламалық деңгейі анықталатын тәуелсіз рейтингтің қорытындылары жария етілді. Тәуелсіз рейтинг анықтаған үздік 20 ЖОО қатарында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті де бар. Бүгінгі күнге дейін университет студенттерінің арасындағы 16 Президент шәкіртақысының, 3 атаулы шәкіртақылар иегерлері өздерінің үздік үлгерімімен, үлгілі тәртібімен өзгелерге үлгі болып келсе, биылғы жылдан бастап Президент шәкіртақысы иегерлері тағы да 3 студентке артатын болады.

2013-2014 оқу жылында университет табалдырығын аттаған 1111 студенттің 384-і - мемлекеттік грант иегерлері. Бірінші курс студенттерінің қатарында ҰБТ-дан 100 балдан артық жинаған оннан астам түлектің болуы - біз үшін зор мақтаныш. Биыл түскен 191 магистранттың 115-і мен 2 докторант мемлекеттік грант бойынша білім алуда» - деп атап өтіп, санаулы күндерден кейін атап өтетін Президент күнімен құттықтады. «Бұл күн – жаңғырудың, жаңашылдықтың белгісі ғана емес, өткеннің өнегесі, ұлының ұлағаты. Ұрпақ есінде солай сақталуы да тиіс» - деп сөзін түйіндеді.

Пәндік олимпиадаларда, білім бәсекелерінде, өнер байқауларында, спорт жарыстарында, әртүрлі пікірсайыстарда университет намысын абыроймен қорғап, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың шәкіртақысына ие болған 19 студентке және А.Чаянов, Е.Еламанов, К.Скрябин атындағы арнаулы шәкіртақыға ие болған 3 студентке арнайы сертификаттар тапсырылды. Ал республикалық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы дипломдар табысталса, «Қазақстан барысы» республикалық додада қазақ күресінен ІІІ орын, дзюдодан Қазақстан чемпионы, кеше ғана өткен халықаралық турнирдан ІІ орын алған, машина жасау факультетінің 3 курс студенті, спорт шебері, Қазақстан Ұлттық Құрамасының мүшесі Сүлейменов Олжас оқу ордамыздың абыройын асқақтатып жүргені үшін университеттің төс белгісімен марапатталды. Студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтарының ІІІ еңбек маусымында облысымызды көркейту ісіндегі адал еңбегі үшін, облысымыздың «Үздік сарбаз -2014» аталымының жеңімпазы, политехникалық факультетінің 4 курс студенті Жұбанышев Дайр арнайы сыйлықтың иегері атанды. Жалпы саны 390 студентті марапаттауға 3 млн. астам қаржы қарастырылды.

Барша студенттер атынан Президенттік шәкіртақы иегерлері, ветеринарлық медицина және биотехнология факультетінің 4 курс студенті Жұмағалиева Құндыз, политехникалық факультетінің 4 курс студенті, спортшы Ганненко Егор құттықтау сөз алып, ақжарма тілектерін арнады.

Шара барысында «Бірінші курс байқауы – 2014» дәстүрлі факультетаралық байқауында «Ең үздік факультет» номинациясын жеңіп алған, «Ветеринарлық медицина және биотехнология» факультетіне ауыспалы «Қыран» кубогы табыс етілді.

Мерекелік шара университеттің шығармашылық ұжымы дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

clet ozat-2

Вы здесь: Главная Магистрантам Үздік және белсенділер слеті - 2014
Вы здесь: Главная Магистрантам Үздік және белсенділер слеті - 2014