Биік шыңдарды бағындырған БҚАТУ түлегі

jumaevУниверситетімізде өз жұмысын бастаған бизнес-форумға арнайы келген қонақтардың бірі – Қазақстан альпинистері құрамасының капитаны, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мақсот Жұмаев.

Бұл есім республика түгіл, алыс шетелдерге де таныс екені мәлім. Қазақ елінің атын асқақтатып, аспанмен таласқан тау шыңдарына көк туымызды қадап, абыройымызды асырып жүрген Мақсот ағамыз - университетіміздің түлегі. Жер шарында теңіз деңгейінен сегіз мың метр биіктікте жатқан 14 шың бар екен. Сол аласармас биіктерді бағындырған жерлесімізден газетімізге сұхбат алудың сәті түсті.

-         Мақсот аға, бүгінгі айтулы шарадан өзіңізді көргенімізге қуаныштымыз.

-         Рақмет, аталған инновациялық форумда маңызды салалардың бірі боп туризмге де назар аударылып отыр. Батыс Қазақстан өңірінде бұл сала жыл санап даму үстінде. Оны одан әрі гүлдендіру үшін ойымызды ортаға салуға келдік.

-         Университетіміздің студенттері өзіңізді мақтан етеді, өзіңізге қарап бой түзейді. Сіз секілді жетістіктерге жету үшін жастарымызға не қажет?

-         Қай салада болмасын алға мақсат қоя білу керек. Сол мақсатқа жетемін деген жолда ынта, жігер, табандылық, қажыр-қайрат қажет. Үлкен жеңістерді, биік мақсаттарды   армандаудан қорықпау керек. Мен де кішкентай кезімнен дәлірек айтсам Чапаев орта мектебінде 5-сыныптан бастап туризммен айналыстым. Кейін университетте оқи жүріп, өзімді шыңдадым. Ал содан соң тауда кәсіби дайындалуға мүмкіндік туып, әлемдік дәрежедегі жетістіктерге жеттім. Қарапайым ғана ауылдан шығып, әлемді мойындату – ертегі емес. Осыны жастарымыз түсіну керек. Адам өзіне сенсе болғаны. Спорттың қай түрімен айналысса да адалдық қажет. Футбол, волейбол, гольф болсын, қарапайым велосипед болсын, ең бастысы ынта, айналысқан ісіңді шексіз сүю керек деп ойлаймын. Ал альпинист болуды арман еткен іні-қарындастарым 16 жастан бастап кәсіби дайындықты бастаса да кеш емес. Ең бастысы бала жастан табиғатқа жақын болса, болғаны.

-         Уақыт тауып, қойған сауалдарымызға жауап бергеніңіз үшін алғысымыз шексіз. Сөз соныңда студенттерімізге айтар тілегіңіз?

Ыстық ұя, қара шаңырақтан ел мақтанышына айналған талай азаматтың түлеп ұшқанын, сол қатардың әлі де толығарын ұмытпаса болғаны. Бүгін оқу ордама келіп, ұстаздарымды көргеніме қуаныштымын. Бүгін білім ордасының, ертең елінің, болашақта әлемнің мақтанышына айналуы үшін талмай оқып, тынбай еңбек етсін!

Вы здесь: Главная Магистрантам Биік шыңдарды бағындырған БҚАТУ түлегі
Вы здесь: Главная Магистрантам Биік шыңдарды бағындырған БҚАТУ түлегі