Қазақ болмысы жәдігер бойында

musei2014-13

Таяуда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Жезқазған өңірінде болып қайтқаны белгілі. Осы сапарында берген сұхбатында ол Ұлытауға қатысты тарихи жайларды алға тарта келіп, ұлт мәселесі жөнінде де көп ойларын ортаға салған еді. Тілдің мәселесінде, діндіде, мәдениеттіде, әдебиеттіде, елдегі экономика саласында жан-жақты талқылап, сараптама жүргізді.

Елбасының бұл сұхбатын жастарға түсіндіру мақсатында «Нұр Отан» партиясының Орал қалалық филиалының «Жиһангер» бастауыш партия ұйымының төрағасы, Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейінің меңгерушісі Нұржан Төлепов «Қазақ болмысы жәдігер бойында» атты дәріс оқыды. Шараға оқу ордамыздың озат, белсенді студенттері қатысып, өз ойларын ортаға салды.

«Талай аңыз-әпсанаға өзек болған қасиетті мекен Ұлытау – қазақ ордасының кіндігі. Кезінде ата-бабаларымыз малын айдап, Ұлытаудың төсінде тоғысқан. Ат шаптырып, той жасап, қыз ұзатып, бір-бірімен тығыз араласқан. Сондықтан ұстанар салты бір, тілі ортақ, түсінікті. Қазақтың тарихы өте бай. Оны білуіміз керек, қолға алып та жүрміз. Тарих жылы де­ген жылды жарияладық. Д­ү­ниежүзінен – Қытайдан, Иран­нан қазақ тарихының жазба жәдігерлерін жинадық» деген еді Елбасы өз сөзінде. Президенттің халыққа жолдаған кейінгі Жолдауында «Мәңгілік Ел» идеясының мұратты ұстанымы Тіл, Дін, Жер, Мәдениет, Ғылым, Еңбек, Адам секілді құндылықтарға табан тірей отырып, әлемдік өркениет кеңістігіне еркін шығудың бірден-бір жолы зайырлы (интеллектуалды) ұрпақ тәрбиелеу, зайырлы ұлт пен зайырлы қоғам қалыптастыру екеніне баса назар аударылғанын білеміз. Дүние дүрбелеңге толы шақта жастарымыз алып-қашпа әңгіменің жетегінде кетпей, үлкен оқиғалардың мәнін түсіндірген Елбасымыздың сұхбатынан бағыт алуы керек» деді өз сөзінде музей меңгерушісі. Тағылымды шарада сөз алған Экономика және бизнес факультетінің І курс студенті Қуаныш Инербаев: «Елбасының оралымды ойлары менің замандастарымның жігерін жаныды. Қанаттандырды. Шабыт сыйлады. Бастысы ұрпақ жадына түйер сөз деп ұғындық. Ауылдағы ата-анамыз әрдайым ертеңімізге алаңдап, түн ұйқысын төрт бөледі. Бұл сұхбат сан сұрақты сейілтті. Ертеңіміздің бүгіннен жарқын екені, яғни болашағымыздың баянды екеніне көз жеткізді. Әсіресе, «Тарихын білмеген ұлттың болашағы да мүшкіл болуы мүмкін. Мысалы, керемет үлкен еменнің түбі, тамыры терең болмаса, ол дауылға шыдап тұра алмайды» деген сөзі жүрекке жетті» - деді толғанып.

Кездесуде студенттер музейдің этнография залындағы тарихи жәдігерлер арқылы қазақ халқының болмысын, яғни, оның материалдық және рухани мәдениеті, көшпелі тұрмыс-тіршілігіне сай орайластырылғанын таныды. Өзге өркениеттер алдындағы көшпелілердің моральдық, әлеуметтік күштілігі мен киелі сарыны арқасында, олар мықты мемлекет құра білгенін көрді.

Мемлекеттігін ешқашанда жоғалтпаған қазақ халқы осындай ерекше болмысы мен озық мәдениеті және мыңдаған жылдар бойына қалыптасқан философиялық дүниетанымы арқасында бейбіт өмір сүріп, мемлекеттілігінің даму жолында талай қиындықтарды жеңе білген.

Осылай өткен тағылымды шара«Біз ешбір елге тиісіп көрген халық емеспіз. Ешбір елге жау емеспіз. Осылай төңірегіміз бейбіт, өзіміз бейбіт, ішіміз бүтін, бірлігіміз берік болса, ұтылмаймыз. Қазақтың бірлігі – мына көпұлтты халықтың бірлігі. Біз бірте-бірте жарқын болашаққа жетеміз деп санаймын» - деген Елбасы сөзімен қорытыланды.

Вы здесь: Главная Магистрантам Қазақ болмысы жәдігер бойында
Вы здесь: Главная Магистрантам Қазақ болмысы жәдігер бойында