КӨПТІЛДІ ТОП СТУДЕНТТЕРІ АВСТРИЯЛЫҚ ДӘРІСКЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

avstr1Еліміздің қазіргі индустриалды-инновациялық даму жағдайында оқыту үдерісіне көптілді мәдениет пен көптілді білім беруді енгізу мен оны дамыту қажеттілігі өзекті болып отыр. Осыған орай, 2010 жылы Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында республикамыздың өзге оқу орындарынмен қатар біздің университетімізде де көптілді білім беруді эксперименталдық режимде енгізу бойынша дайындық жұмыстары басталған болатын. Университетте көптілді білім беруді ұйымдастыру Ережесі мен көптілді білім беруді енгізу мен дамытудың 2010-2015 жылдарға арналған Бағдарламасы даярланып, көптілді білім берудің нормативтік-құқықтық негіздері жасалды. Осы бағдарлама бойынша көптілді білім беруді жүзеге асыруға қатысты университеттің барлық құрылымдық бөлімшелерінде жүргізілетін жұмыстарды ұйымдастыру, реттеу, қадағалау мақсатында Көптілді білім беруді дамыту орталығы құрылды. Құрамында «Қазақ және орыс тілдері», «Шет тілдері» кафедрасы және жетекші, бас маман, әдіскер, аудармашы сияқты қызметкерлері бар бұл орталық қызметінің негізгі мақсаты - еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, үш тілді еркін меңгерген көптілді маман, көптілді мәдениетті тұлғаны даярлауға ықпал ету. Осы мақсатқа қол жеткізу бағытында орталық мынадай басты міндеттерді шешуді алға қойып отыр:

avstr2- көптілді білім беру топтарында жүргізілетін пәндер бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді дайындау үдерісін ұйымдастыру және қадағалау;

- студенттер мен болашақ көптілді оқытушыларға арналған тілдер курсын және көптілді білім беру топтарында сабақ жүргізетін ПОҚ арналған арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқыту әдістемесі бойынша оқыту семинарлары мен біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру;

- шетелдік ғалымдар мен мамандарды, оқытушыларды, сондай-ақ өңірдегі шетелдік компаниялардың өкілдерін көптілді топтарда практикалық сабақтар жүргізіп, дәрістер оқуға тарту;

- көптілді білім беру бойынша экспериментaлдық бағдарлама аясында білім алушылардың оқу жетістіктерінің деңгейіне талдау жүргізу;

- жыл сайын оқу үдерісінің білікті көптілді мамандармен қамтамасыз етілуіне мониторингін жүргізу;

- көптілділік қағидатын ескере отырып бакалавриат және магистратура мамандықтары пәндерінің оқу және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілуін қадағалау;

- көптілді топтарда сабақ жүргізетін ПОҚ еңбегін ынталандыруға ықпал ету, оларға импакт-факторы бар халықаралық жорналдарда жариялау үшін мақалалар дайындауға көмек көрсету;

- кітапхананың кітап қоры мен электронды базасын көптілді оқу, әдістемелік, ғылыми, анықтамалық және мультимедиалық материалдармен толықтыруға қатысу және т.б.

avstr3Бүгінгі күні орталық көптілді білім беруді дамыту бағытында бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруда. Жақында орталық қызметкерлері университетіміздің   көптілді студенттерінің ағылшын тілінде сөйлеу дағды-шеберліктерін шыңдау мақсатында шетелдік қонақ Фролих Мартинамен кездесуін ұйымдастырған еді.

Австрияның Вена қаласынан келген педагогика ғылымдарының магистрі, инженер, Kinder BOKU бағдарламасының жетекшісі Фролих Мартинаның университетіміздегі іссапары 29 қыркүйекте басталды. 2 қазан күні ғалым машина жасау факультетінің үлкен залында көптілді білім беру бағдарламасы бойынша білім алып жатқан машина жасау және экономика және бизнес факультетінің студенттерімен кездесті.

Австриялық ғалым еліміздегі көптілді білім берудің бүгінгі таңдағы жағдайы және өзекті мәселелерінен хабардар болып, университетімізде осы бағытта қарастырылған жұмыстардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Қонақты Елбасының бастамасымен қолға алынып жатқан жаңа білім беру модулі – көптілді білім беру жүйесі қатты қызықтырды. Сондықтан да болар университетіміздегі көптілді білім беруді эксперименталдық режимде енгізген 4 мамандықтың студенттерімен кездесуге Фролих Мартина ерекше құлшыныс білдірген болатын. Кездесу кеші қонағының мазмұнды да әсерлі таныстырылымын көптілді топ студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы, сонымен қатар арнайы топтарға ағылшын тілінде дәріс жүргізуді жоспарлап отырған оқытушылар да аса қызығушылықпен, ынтамен тыңдап, сұрақтар беріп жатты. Фролих Мартина студенттердің өз сұрақтарын таза ағылшын тілінде беруіне таңданыс білдіріп, олардың білімге, білуге құштарлығын, мәдениеттілігін, дүниетанымдарының кеңдігін ерекше атап өтті. Кездесу барысында сан түрлі сұрақтар берілді, сонымен қатар Австрия мен Қазақстанның білім беру жүйесіндегі айырмашылықтар, екі ел студенттерінің өмірі, көптілді білім берудің өзекті мәселелері сөз болды. Ағылшын тілінде өткізіліп, студенттердің ерекше қызығушылығын туғызған мұндай өзара тиімді, өзара пайдалы кездесулер мен дәрістер бұдан әрі де талай ұйымдастырылмақ.

Вы здесь: Главная Магистрантам АВСТРИЯЛЫҚ ДӘРІСКЕР
Вы здесь: Главная Магистрантам АВСТРИЯЛЫҚ ДӘРІСКЕР