Жаңа лек университет табалдырығын аттады

1sen-1Бүгін міне, еліміздің сан-салалы экономикасына білікті кадрларды даярлап, білім беру саласында 50 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан республикамыздағы бірден-бір іргелі жоғары оқу орны – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенттер қатары тағы да білімді жастармен толықты.

Бағаналы білім ордасы айтулы күнді елу бірінші рет мерекелеп отыр. Бас ғимарат алдына жиналған студент-жастардың жүзінен қуанышты, ал ата-ананың көзінен ерекше толқынысты байқадық. Бірі арманын жүзеге асыруды мақсат етсе, бірі қиялдарына қанат бітіруді көздеген.

Білім мен ізденісті, таудай талапты ұштастыра білген жастарды алғаш университет ректоры міндетін уақытша атқарушы, б.ғ.к., профессор Н.Х.Серғалиев құттықтады. «Баршаңызды еліміздегі жарты ғасырлық тарихы бар іргелі білім ордасы - Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректораты атынан еліміздегі елеулі, әрі тарихи оқиға – Ата Заңымыздың 19 жылдығымен және бүгінгі Білім күнімен шын көңілден құттықтаймын. Жыл санап дамыған Қазақстанның ертеңгі күнін гүлдендіретін де, еліміздің бүгінгі тәуелсіздігін баянды ететін де жас ұрпақ.

Биылғы жыл еліміз үшін де, біздің университетіміз үшін де жағымды жаңалықтарға толы. Осындай егеменді еркін елде дүниеге келіп, бейбіт күнде білім алу мүмкіндігіне ие болған Сіздер – бақытты ұрпақсыздар!Бүгінгі ХХІ ғасыр білім мен ғылымның ғасырына айналып отыр. Білім алуға деген талап пен жігерге еңбек қосылса, жас ұрпақтың бағындырмайтын биігі жоқ. Білектің заманы өтіп, біліктің заманы жеткен бұл ХХІ ғасыр – жаңару ғасыры, жалпыазаматтық қасиеттердің салтанат құру ғасыры. Бұл ғасыр – жас, қуатты, талантты, өмірге белсене араласатын, әлемнің, елдің және өз ортасының тағдыры үшін бар жауапкершілікті өз мойнына ала білетін жастардың дәуірі. Сондықтан, Сіздердің алғашқы таңдауларыңызды құптай отырып, білім алу жолындағы қадамдарыңыз құтты болсын дейміз» - деді өз сөзінде.

Оқу ордасы биыл 1105 студентпен толықты. Оның 384-і мемлекеттік грант иегерлері атанса, машина жасау факультетінің студенті атанған Ксения Быкова - «Алтын белгі» иегері. Ұлттық бірыңғай тестілеуде ең жоғарғы көрсеткіш көрсетіп, бітірген мектебінің, ата-анасының, ал бүгін университеттің мақтанышына айналған «Алтын белгі» иегері мен үздік деп танылған 1 курс студенттеріне студенттік билеттері мен сынақ кітапшалары салтанатты түрде табыс етілді. Ал осы жастардың ата-аналарына университет ректорының алғыс хаты ұсынылды.

Салтанатты шарада университет ректорының кеңесшісі, а.ш.ғ. докторы, профессор Бозымов Қазыбай Қараұлы сөз алып, «Барша профессор-оқытушылар құрамын, студент-магистранттарды және ата-аналарды бүгінгі білім күні мерекесімен құттықтаймын. Тәуелсіз еліміздің ғылым және білім саласында қол жеткізген айтарлықтай табыстарына елу бір жыл тарихы бар Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің де қосып келе жатқан үлесі қомақты. Біздің түлектеріміз Қазақстанның батыс өңірінде ғана емес, дүние жүзінің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Бұл – үлкен ұжымның жетістігі. Жеткен жеңістермен тоқталмай, жаңа белестерді бағындыру бүгінгі ұрпақтың еншісінде. Сол жолда барша ұжымға тек сәттілік тілеймін» - деп ақжарма тілегін арнады.

Білім күні оқу ордамызға арнайы келген «Caspian Proger engineering & consulting LLP» ЖШС резидент менеджері Н.Г.Криши да құттықтау тілегін жастарға арнады. «Бүгін сіздердің араларыңызда тұрып, өздеріңізді құттықтауға мүмкіндік алып отырмын. Бұл мен үшін үлкен қуаныш. Бүгін сіздердің қандай көңіл-күйде екендеріңіз маған жақсы таныс. Студенттік шағым әлі есімде. Бұл кез жастық жалын, бұла күшке толы тасқындаған күш-қуатымен ерекшеленеді. Өз армандарымды жүзеге асыру бағытында білім алдым, еңбектендім. Бүгінде олар орындалды. Сіздер өз болашақтарыңызды өз қолдарыңызбен қалайсыздар. Бұл жолда сан нәрседен бас тартуға тура келеді, жеңіліс те, қиындық та болады. Өмір бәсекесінде мақсатқа жету үшін жастық жалын керек. Мен қызмет ететін компания армандарымды жүзеге асыруға мол мүмкіндік берді. Сіздерді де құшақ жая қарсы аламыз. Менеджерлерімізбен, инженерлеріміздің қатарынан осы университеттің студенттері міндетті түрде табылады деген сенімдемін. Ізденіс-талпыныстарыңызға, мақсат-мүдделеріңізге бағыт-бағдар бере отырып, бірге еңбек етеміз деген ойдамын» - деп өз сөзін түйіндеді.

Университет ардагерлер кеңесінің төрағасы, э.ғ.к. Шамғонов Әскерғали Шамғонұлы сөз алып, білім алу жолындағы қадамдарына сәттілік тіледі.

Шара барысында машина жасау факультетінің 4 курс студенті, Президенттік шәкіртақы иегері Аткешов Асыланбек 1 курс студенттеріне білім бұлағының көзін ашар алтын кілтті табыс етіп, жаңа оқу жылында жаңа белестерді бағындыруға шақырды.

1sen-2  1sen-3 
Вы здесь: Главная Магистрантам Жаңа лек университет табалдырығын аттады
Вы здесь: Главная Магистрантам Жаңа лек университет табалдырығын аттады