Ата Заң – ел тұрақтылығы мен бірлігінің негізі

zan14-1Биыл тәуелсіз Қазақ елінің мызғымас тұғырына айналған Ата Заңымызға 19 жыл толғалы отыр. Осы атаулы мерекеге орай 27 тамыз күні Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен «Конституция – ел тұрақтылығы мен бірлігінің негізі» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті. Шараға мемлекеттік орган басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар бірлестіктерінің жетекшілері қатысты.

Осыдан он тоғыз жыл бұрын, 30 тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң – мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды. Өткен 19 жылдан бері мемлекет пен қоғамның дамуындағы өзгерістер – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бәрі – Ата заң қағидалары негізінде жүзеге асырылып келеді.

Басқосуға қатысушыларды ұлық мереке – ҚР Конституция күнімен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Б.Мәкен азаттығымыздың айшықты айғағы болған Ата Заң – тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы екендігін атап өтті.

zan14-2- Ата Заңымыз - Қазақстанның әлемдік өркениетке қарай қарыштай қадам басуының алғышарттарын жасап берген жасампаз құжат. Бұл қазақ жерін мекендеген байырғы жұрттың сан ғасырылық арманы болса, демократиялық даму жолын таңдаған жас республиканың басқа елдермен терезесі тең болып, қанатын кеңінен жаюына мүмкіндік береді. Әлемдік дағдарыс сынақтары кезеңінде ел экономикасын тұрақтандырып, алдын алудың барлық шараларын қабылдау қажеттілігі туындады. Осы өтпелі кезеңде халқын алға қарай бастай білген Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясаты мен батыл қадамдары мемлекетіміздің іргесінің нығаюына, Қазақстанның халықаралық қатынастарда беделінің өсуіне тікелей ықпал етті.

Ендігі мақсат – қазақ жерін мекен еткен көп ұлтты халықтың ауызбірлігін бұзбай, мемлекеттің құдыреттілігін арттырып, әлемдік көштен кенже қалмай, дамыған 30 ел қатарының биігінен көріну. Бұған әрбір қазақстандықпын деген азамат өз үлесін қосуы міндетті. Әркім қай салада болмасын өз ісіне берік, әрі адал болып, заңға бағынып құрметтеуі тиіс, - деді Бақтияр Мәкенұлы.

Дөңгелек үстел барысында облыстық әділет департаментінің бөлім басшысы Гүлжамал Лұқпан, облыс прокурорының орынбасары Халидолла Дәуешов, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ профессоры, философия ғылымдарының докторы Тілекжан Рысқалиев және М.Өтемісов атындағы БҚМУ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Абат Қыдыршаевтар баяндама жасап, елдегі тұрақтылық пен ынтымақтың ұйытқысы болып отырған басты құжатымыздың абыройын асқақтатты.

Вы здесь: Главная Магистрантам Ата Заң – ел тұрақтылығы мен бірлігінің негізі
Вы здесь: Главная Магистрантам Ата Заң – ел тұрақтылығы мен бірлігінің негізі