Студент атанған жастармен кездесті

stud14-2Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің акт залында тәрбие ісі жөніндегі бөлім білім ордасының студенті атанған жастармен және олардың ата-аналарымен кездесу ұйымдастырды.

Аталған кездесудің мақсаты – сапалы білім ала жүріп, қоғамдық-тәрбиелік шаралар арқылы студенттің жетілуіне, өзін-өзі әрі қарай дамытуға септігін тигізіп, қолдау жасау. Университеттің тарихы және оның даму болашағымен, алған асуларымен бейнеролик арқылы тамашалаған жастар тәрбие ісі жөніндегі бөлім мамандарымен танысты. Алғашқы сөз кезегін алған тәрбие ісі жөніндегі проректор А.Ұ.Сұлтанов: «Сендердің студент болғандарың, сендердің көптен озық екендеріңнің айғағы. Студенттік өмір адам санасында жарқын сәттерімен, ұмытылмас шақтармен есте қалады. Университетте студент таңдаған мамандығын игерумен қатар бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндігі мол. Студент өзінің бос уақытын тиімді, әрі қызықты өткізуі үшін сан түрлі үйірмелер, ән айтып, би билеп, спорттық клубта денесін шынықтыра алады. Бойында журналистикаға деген бейімі болса оған да жол ашық. Аспаптарда ойнай алса тіптен керемет! Университет - сендердің екінші үйлерің. Тиімді білім алуға және уақыттарыңды қолайлы өткізуге арналған ортаны бұзбай сақтауларыңды сұраймын» - деді.

stud14-1«Университетімізде қызмет ететін жастар ісі жөніндегі комитетінде 5 факультеттің студенттік деканы, 2 студенттік жатақхана төрайымы, 1 студенттік үй төрайымы, «Заман» жастар қоғамдық бірлестігі, Қазақстан Студенттері Альянсы, «Болашақ» корпоративтік қоры, «Нұр Отан» «Айбын» БПҰ, «Жас Отан» Жастар қанаты, полицияға жәрдемдесетін жасақ, университетіміздің ішкі тәртібін сақтайтын тәртіп сақтау қызметкерлерінің көмекшілерінен құралған 400-ден аса белсенді білім алушылар жұмыс атқарып келеді. Жастардың мәдени және демалыс орталығы сияқты студенттік өзін-өзі басқару органдары, сондай-ақ, студенттер ғылыми қоғамының секциялары, клубтар жүйесі, көркемөнерпаздар үйірмесі, танымал ақын Ақұштап Бақтыгерейқызының бастамасымен ұйымдастырылған «Фатима» қыздар клубы, «Жас қалам» жас тілшілер үйірмесі, «Ерке-Нұр», «Білезік», «Әсем-ай» би ансамблі, «Нарын сазы» халық аспаптары ансамблі, «Нарын сазы» ұрмалы аспаптар ансамблі, т.б. тәрізді үйірмелермен қатар, «Жәңгір серілері», «Жәңгір құрамасы», «Достық», «Болашақ», «Батыс сұлтандары», «24 сағат» КТК және «Рух» пікір-сайыс орталығы, Студентік құрылыс және Жасыл ел жасақтары, әскери кафедра жанынан құрылған «Жауынгер» клубы, политехникалық және машина жасау факультеттерінің жанындағы «Шебер» техникалық клубы, агрономия факультетінің «Эколог» клубы, дене тәрбиесі кафедрасы жанындағы «Сергек» спорт клубы, т.б. секциялар студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамытып, оларды жан-жақты дамуы мен тәрбиеленулеріне қызмет етуде. университет әрдайым қолдап-қолпаштап отырады. ҚР Президенті атындағы шәкіртақы және одан басқа атаулы шәкіртақылар үнемі оқуда озат, қоғамдық өмірде белсенді студенттерге беріліп отырады. Университетімізде білім алатын жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, қамқорлықтағы және патронаттағы, мүгедек, әлеуметтік жағдайлары төмен студенттерге жәрдемақы тағайындау, студенттік үй және жатақханаларда тегін тұрулары, оқу ақыларына 50 пайыздық жеңілдіктер қарастырылған. Бұл алаңсыз білім аламын деушілерге үлкен мүмкіндік» - деді сөз алған жастар ісі жөніндегі комитеттің жетекшісі А.Е.Өкшебаев.

Өз жұмыстары жөнінде студенттерге кеңірек ақпарат берген жастар ісі жөніндегі комитеттің мамандары жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.

Вы здесь: Главная Магистрантам Студент атанған жастармен кездесті
Вы здесь: Главная Магистрантам Студент атанған жастармен кездесті