Етті ірі қараны дамытудың заманауи мәселелері талқыланды

konf230614-12014 жылдың 20 маусымында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде «Отандық етті бағыттағы ірі қараның заманауи жағдайда дамуының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін жоғарылату бағытындағы «Агробизнес - 2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың өзекті мәселелері ғылыми тұрғыда жан-жақты сараланған келелі басқосуға Қазақстан мен Ресейдің танымал ғалымдары қатысты.  

Талқыға түскен мәселелер қатарында отандық етті мал шаруашылығының ахуалы мен болашағы, соның ішінде отандық қазақтың ақбас тұқымының жай-күйі, қазақтың ақбас тұқымы малының генетикалық әлеуетін арттыру мен жоғары сапалы ірі қара етін өндіруді арттырудың заманауи ғылыми негіздемесі, отандық тұқымның құнды гендік қорын сақтау әдістері, жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану мен оларды жақсартудың агротехникалық тәсілдері, етті тұқымды малмен жүргізілетін селекциялық жұмыста гендік инженерияның заманауи әдістерін қолдану (ДНК-сараптама, геномдық селекция, өсіп-өнуді анықтауды иммундық-генетикалық бағалау және т.б.), етті мал шаруашылығын дамытудағы халықаралық ынтымақтастықты арттыру жайы болды.

konf230614-2Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде етті мал шаруашылығы саласында отандық және шетелдік ғалымдармен бірлескен ғылыми жобаларды жүргізу жолдары қарастырылып, Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында етті тұқымды малдың генетикалық материалын алмасу тетіктерін дамыту, етті ірі қара малы тұқымдары бойынша халықаралық қауымдастықтар құру және олардың жұмысына қатысу, ветеринарлық-санитарлық бақылау мен жұқпалы аурулардың туындауы мен таралуын болдырмау бағытында бірлескен іс-шаралар қабылдау, етті тұқымды ірі қара малдың, соның ішінде ТМД елдеріне ең көп тараған тұқым ретіндегі қазақтың ақбас тұқымының асылтұқымдық құндылығын бағалау критерийлерін бірыңғайландыру мәселелері конференция жұмысына арқау болды.

Пленарлық мәжілісте ветеринарлық медицина және биотехнология факультетінің деканы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Едіге Ғапуұлы Насамбаевтың «Қазақстанның Батыс өңіріндегі қазақтың ақбас тұқымды малының тұқымдық және өнімділік қасиеттерін жетілдіру», Бүкілресейлік етті мал шаруашылығы       ғылыми-зерттеу институтының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Сергей Александрович Мирошниковтың «Ресей мен Қазақстанның етті мал шаруашылығының болашағы», Қалмақ ауыл шаруашылығының ғылыми-зерттеу институтының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Анатолий Немеевич Ариловтың «Калмыкия Республикасының мамандандырылған етті мал шаруашылығының ахуалы мен даму болашағы» және Бүкілресейлік етті мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты директорының ғылыми жұмыс бойынша орынбасары, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Фоат Галимович Каюмовтың «Қазақтың ақбас тұқымы және оның Ресей етті мал шаруашылығындағы рөлі» тақырыбындағы баяндамалары тыңдалып, талқыға салынды.

Вы здесь: Главная Магистрантам Халықаралық ғылыми-практикалық конференция
Вы здесь: Главная Магистрантам Халықаралық ғылыми-практикалық конференция