Ұлыстың Ұлы күні тойланды

nau2014-1Ұлыстың Ұлы күні Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде барша сән-салтанатымен тойланды. Мерекелік думанға жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары белсенділікпен қатысып, ұлық мерекенің биік деңгейде өткізілуіне атсалысты.

Көнеден келе жатқан наурыз мерекесі - жаңару мен жақсарудың, тіршіліктің жаңғырар сәтімен тұспа-тұс келеді. Яғни күн мен түн теңеліп, адамзат баласына, табиғат-анаға, жануар атаулыға тылсым қуат, ерекше қасиет нұры құйылады. Міне, осындай тамаша сезім жетегінде жүрген профессор-оқытушылар ұжымы мен білім алушы жастар Наурыз мейрамының шаттығына масайрап, бір-бірлерін мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Университеттегі әр факультет, әр бөлім ұлттық киімдер киіп, бешбармақ, қазы-қарта, жал-жая, бауырсақ, талқан, құрт, тәтті тоқаштармен кең жайылған дастарқанды жайнатып жіберді. Әрине, Ұлыстың Ұлы күнін дәстүрлі наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Думанға жиылған жұртшылықсан алуан рецепт бойынша жеті түрлі тағамнан дайындалған наурыз көженің түр-түрінен дәм татып, бағасын беріп жатты. Салт-дәстүрімізге сай ұлттық нақышта әсем оюлармен әшекейленген түскиіздер, алашалар мен құрақ көрпелер мерекеге келушілердің ынта-қызығушылықтарын арттырды.

Ректордың міндетін уақытша атқарушы Нұрлан Серғалиев, ректор кеңесшісі Қазыбай Бозымов, университет ардагерлері Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, әр жанұяға бақыт пен жақсылық, құт-береке тіледі.

- Қазақстанда жүздеген ұлт пен ұлыстың өкілдері бір-бірімен тату-тәтті, берекелі өмір сүріп жатыр. Әз Наурыздың адам баласын ізгілік пен сыйластыққа, ынтымаққа тәрбиелейтін тереңнен тартар ежелгі қасиетін біз жастардың бойына дарытуға, оны өз өміріміздің салтына айналдыруға үлкен үлес қосып келеміз. Білім ордасындағы Наурыз тойы соның айқын дәлелі, - десті сөз алғандар.

Мерекенің көрігін университеттің өнерпаз студенттері «Наурыз-Думан» концерттік бағдарламасымен қыздырса, теңге ілу, аударыспақ, қол күресі сияқты ұлттық спорт түрлерінде білектілер күш сынасты. Алтыбақанда тербелген бойжеткендер мен бозбалалар әуезді әндер шырқап, шат-шадыман болысты.

nau2014-2   nau2014-3 nau2014-4 
Вы здесь: Главная Магистрантам Ұлыстың Ұлы күні тойланды
Вы здесь: Главная Магистрантам Ұлыстың Ұлы күні тойланды