«Мәңгілік Ел» патриоттық идеясын талқылады

mangi el2-1Жуырда Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің мәжіліс залында студент-жастар облысымызға жұмыс сапарымен келген «KZ-2050» жалпыұлттық қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесті.

Шараны жүргізген облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы С.Б.Молдағалиев аталған бірлестік мүшелерінің өңірімізге келу сапарын түсіндірді.

- «KZ-2050» жалпыұлттық қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері Елбасымыздың «Қазақстан жолы -2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында айтылған «Мәңгілік Ел» патриоттық актісіне қатысты ұсыныстар мен ұсынымдар жинау мақсатында республика өңірлерін аралауда. Наурыз айының соңына дейін республиканың барлық облыс орталықтарын аралайтын ұжымның арқалаған жүгі ауыр. Түске дейін аға буын өкілдерімен кездескен кеңес мүшелері енді жастар ортасында. Ертеңгі ел тірегі – жастар. Яғни, идея да, ой да жастардың шығуы тиіс, – деді С.Молдағалиев.

«Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Президент Әкімшілігіне, Үкіметке, Қазақстан халқы Ассамблеясына «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысымен біріге отырып, «Мәңгілік ел» патриоттық актісін жасауды және қабылдауды тапсырғаны мәлім. «KZ-2050 жалпыұлттық қозғалысы» қоғамдық бірлестігі кеңесінің төрағасы Данат Жуминнің мәлімдеуінше,  «KZ-2050» жалпыұлттық қозғалысы өткен жылдың 6 желтоқсанында құрылыпты. Қозғалыстың қатарында  инженерлер, кәсіпкерлер, дәрігерлер, білім, өнер қайраткерлері мен өзге саланың өкілдері бар. Қозғалыстың мақсаты - «Қазақстан - 2050» стратегиясында баяндалғандай, еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынған саяси бағытын қолдай отырып, еліміздің әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына енуіне ықпал ету болып табылады.

mangi el2-2- Өңірлерге шығу арқылы біз бірнеше мақсатты алға қойып отырмыз. Біріншіден, өңір тұрғындарын қандай мәселе толғандырып, олар үшін не маңызды екендігін өз ауыздарынан есту. Екіншіден, мұнда біз өткізетін ашық пікірталастар азаматтарға Стратегияның мәнін түсінуге көмектеседі. Үшіншіден, әрине, мұндай сапарлар «Мәңгілік Ел» патриоттық актісіне қандай да бір құндылықтарды енгізу барысында өңір тұрғындарының ой-пікірлерін ескеруге жағдай жасайды. Тұрғындар өздерін толғандырған көптеген сұрақтар қоюда. Оларды елімізді қандай болашақ күтіп тұрғандығы мен қандай мемлекет құрып жатқандығымыз қызықтырады. Бұл бізді қуантады», - деп атап өтті кездесу барысында Данат Жумин.

Шарада сөз алған «Агрономия» факультетінің 3-курс студенті Абзал Базаров бүгінгі жастардың алға қойған арман-мақсаттары биік, әрі ерен еңбектің арқасында ұлы жеңістерге жеткен алдыңғы буын өкілдеріне қарап бой түзейтіндерін айтты. Өз ойларын ортаға салған студенттер «Мәңгілік Ел» актісінің баршаға түсінікті болуын қалайтындарын да жасырмады.

Кездесу барысында қоғамдық бірлестік мүшелері студенттердің, жастар ұйымдары мүшелері мен БАҚ өкілдерінің қойған сауалдарына жауап берді.

Вы здесь: Главная Магистрантам «Мәңгілік Ел» патриоттық идеясын талқылады
Вы здесь: Главная Магистрантам «Мәңгілік Ел» патриоттық идеясын талқылады