Жастар «Мәңгілік ел» идеясын қолдайды

mangi el1Елбасының «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты үстіміздегі жылғы Жолдауын, оның түпқазығы іспетті ұлтты ұйымдастыратын, ұлы мақсаттарға жетелейтін «Мәңгілік ел» идеясын батысқазақстандық жастар ел келешегінің айқын айнасы ретінде қабылдады. Мұны дүйсенбіде Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіндегі «Мәңгілік ел» идеясын арқау еткен жастар акциясы дәлелдеп берді.

Асқақ Алтай өңірінен бастау алып, арайлы Ақжайық атырабында жалғасын тапқан форум-эстафетаның ұйымдастырылуына Батыс Қазақстан облысының әкімдігі, Батыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасы және Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы қолдау танытты.

Елбасының «Мәңгілік ел» идеясы баршамызды бір мақсат пен бір мүддеге жұмылдыратын ұранға айналуы тиіс дескен студент-жастар алдымен флеш-моб өткізіп, «Қазақстан-2050» Стратегиясының логотипі – шаңырақ белгісі бейнеленген ауа шарларын көкке ұшырды.

mangi el2Акцияға қоғам қайраткерлері мен этномәдени ұйымдардың өкілдері, студенттер мен магистранттар, профессор-оқытушылар құрамы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, барлығы 1000-нан астам адам қатысты.

Алғашқы болып сөз алған Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев: «Мәңгілік ел – бабаларымыздың сан ғасырлар аңсаған арманы. Бабаларымыз әлемнің мемлекеттерімен терезесі тең жағдайда араласатындай күн туа мен армандап кеткен болатын. Сол арман ақиқатқа айналды. Бұған Елбасымыздың сарабдал саясатын халықтың қолдауы, халықтың бірлігі негіз болды. Әлемде өзінің мемлекеті жоқ қаншама халық бар және тәуелсіздік алып, соны қолдан ұшырып алған халықтар да, мемлекеттер де жоқ емес. Мұның барлығы елдің, халықтың ауызбіршілігі болмағандықтан. Егеменді еліміздің дамуында Қазақстан халқын біріктіретін, елдің болашағының негізін қалайтын басты құндылықтарды жасадық. Бұл – еліміздің тәуелсіздігі, Астанасы.  Бұл - Қазақстан халқының бірлігі, бейбітшілік пен келісім. Бұл – зайырлы қоғам, жоғары руханият. Бұл – индустрияландыру мен инновацияға бағытталған елдің экономикалық өсуі. Бұл – жалпыға ортақ Еңбек қоғамы және ұлттық қауіпсіздік. Осы ұғымдар жаңа қазақстандық патриотизмнің негізі. Ел дамуына жастарымыз елеулі үлес қосып келеді. Елбасымыз айтқандай, Қазақстан-2050 сіздер үшін. Әр қазақстандық еліміздің болашағы үшін өзінің оқу орнында, еңбек орнында елім үшін, жасасын Қазақстан деген идеяны ұстанса құба-құп. Бұл жерде енжарлық танытуға болмайды. Әлемдік қауымдастықта алған орнымызды нықтай отырып, елімізді дамыту баршамыздың міндетіміз, парызымыз», - деді.

mangi el3«Орыс мәдениеті орталығы» қоғамдық ұйымының төрағасы Сергей Погодин Мәңгілік Ел идеясының логотипі – шаңырақ -  бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп отырған түрлі мәдениеттер мен этностар өкілдерінің ортақ үйінің символын, береке мен бірлік идеясын, мақсат-мүддесі ортақ қазақстандық қоғамның ынтымағын айшықтайтынын айтты.

Корей этномәдени ұйымы төрағасының бірінші орынбасары Анатолий Ким, «Сочи-2014» қысқы олимпиадасының финалистері, жерлестеріміз Айдар Бекжанов пен Абзал Ажғалиевтер сөз алып, акцияға қатысушыларды «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын қолдауға шақырды.

Қолдарына «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыруға шақырған транспоранттар, үлкенді-кішілі жалау ұстап, «Мәңгілік ел» логотипі тігілген киім киген жас буын «Көк байрақ, көк аспан, жасасын мәңгі Қазақстан!», «Жаса, жайна, Тәуелсіз Қазақстан!», «Тірегіміз, тілегіміз - Қазақстан» деп ұрандатып, мемлекетіміздің тұтастығы мен беріктігі өздерінің қолында екенін жеткізе білді.  Өскелең ұрпақтың асыл армандар мен биік белестерді бағындыруға шақырған жалынды сөздері мақтаныш сезімін ұялатып, жүректерге ой салды.

БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының басшысы Ғайса Қапақов Орал өңірі халқының ыстық ықыласқа толы жүрекжарды лебіздерімен толыққан «Мәңгілік ел» тілек кітабының Қарағанды облысына жол тартатынын жеткізді.

Жігерлерді жаныған жастар жиыны әуелеген патриоттық әндермен үйлесім тауып, мың құбылған билермен өрнектелді.

Вы здесь: Главная Магистрантам Жастар «Мәңгілік ел» идеясын қолдайды
Вы здесь: Главная Магистрантам Жастар «Мәңгілік ел» идеясын қолдайды