Асыл азаматты еске алды

jumaev280214-2Ұзақ жыл білім ордасын басқарған білікті басшы, көрнекті ғалым, ардақты азамат Сергей Жұбаевты еске алу мақсатында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ұйымдастыруымен ас берілді.

Алдымен университет ұжымы зират басына барып, марқұмға құран бағыштады. Еске алу асына С.Ш.Жұбаевтың отбасы, көзкөрген әріптестері, білім алған шәкірттері қатысты. Алғаш сөз алып, шараны жүргізген ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қазыбай Бозымов Секең туралы өнегелі әңгіме өрбітті.

jumaev280214-1- Ел ағасы, біртуар азамат Сергей Жұбаевты еске алу мақсатымен жиналып отырмыз. Сергей Жұбаевтың есімі өңірімізге белгілі. Білгірлігі мен іскерлігінің арқасында қатардағы ассистент қызметінен барлық еңбек сатыларын абыроймен атқара жүріп, ректорлық лауазымға дейін көтерілді. Адамгершілігі, қарапайымдылығы, жанашырлығы арқасында студенттері мен әріптестерінің көңіл төрінен орын алды. Секең өзінің 42 жылға созылған ұлағатты еңбек жолында бар білім-білігі мен күш-қайратын университеттің өсіп-өркендеуіне, кемелденуіне сарп етті. Асыл азаматтың қай қырын алып қарасаңыз да, өнегелі өрнекке толы. Басшылық еткен жылдары  жоғары оқу ордасының көкейтесті мәселелерін шешуде жанқиярлық танытты. Секеңмен кездескеннен кейін әрдайым «заманынан оза туған азамат» деген тіркес ойға оралушы еді. Жартығасырлық тарихы бар киелі қара шаңырақтың тек білім-ғылым ордасы ғана емес, қоғамдық-саяси және мәдени орталыққа айналуына көп күш жұмсаған еселі еңбек ұмытылмауы қажет – деп атап өтті.

Университеттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Ш.Шамғонов Сергей Шұғайұлының азаматтық келбеті, адами қасиеттері туралы естелік әңгімесімен бөлісті. Қатарына сыйлы болған азамат туралы естеліктерді асқа жиналған басқа да қонақтар жалғастырды.  Сонымен қатар, С.Жұбаевтың ұл-қыздары мен ағайындары сөз алып, игі шараға мұрындық болған университет басшылығына өз алғыстарын білдірді.

Вы здесь: Главная Магистрантам Асыл азаматты еске алды
Вы здесь: Главная Магистрантам Асыл азаматты еске алды