Aкадемиялық ұтқырлық – білім берудің биік белесі

akadem-mobҚазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында ЖОО-ның қызметін жоғары білім берудің әлемдік үлгісіне сәйкестендіріп, академиялық ұтқырлықты қалыптастыру – жүзеге асырылуға тиісті міндеттердің бірі ретінде көрсетілген.

Осыған орай, жаңа оқу жылында университетіміздің студенттері еліміздің және шетелдің жоғары оқу орындарында академиялық ұтқырлық бағыты бойынша бір семестр білімдерін жетілдіріп қайтқан болатын. Біз шекара асып келген студенттер туралы жазуды ойға алғанда, ең алдымен оқытуды бақылау және жоспарлау бөлімінің жетекшісі Т.Қ.Қуанғалиевадан оқу ордасында академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын әңгімелеп беруін өтінген едік.

«Қазіргі жаһандану уақытында білім адам өміріндегі ең маңызды құндылыққа ие болып отыр. Оқу ордамызда халықаралық  байланыс жүйесінде студенттердің академиялық ұтқырлық бағдарламасы ерекше маңызға ие. Қуантарлығы, академиялық әріптестікті жетілдіруге мүдделі отандық университеттердің қатары артып келеді. Бүгінде еліміздің жетекші ЖОО-ларымен ел ішіндегі ұтқырлықты жүзеге асыру бағытында 30-дан астам келісімдер жасалды. Мысалы, университетаралық ғылым және білім беру жүйесіндегі ынтымақтастықты тереңдете түсу  мақсатында 2011-2012 оқу жылы 24 студент, 2012-2013 оқу жылы 16 студент, 2013-2014 оқу жылында 16 студент-магистрант еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білімдерін шыңдады.

Бізге ұтқырлық бағдарламалары бойынша Қазақстан мен Ресейдің көптеген аймақтарынан студенттер келіп, оқып тұрады. Атап айтар болсақ, 2011 жылдан бері республикамыздың түкпір-түкпірінен 28 студент университетімізде тәлім алса,  соңғы екі жылда Волгоград аграрлық университеті мен Қалмақ мемлекеттік университетінің 7 студентін құшақ жая қарсы алды.

Сыртқы ұтқырлықты дамыту бағытында Голландия, Австрия, Германия, Чехия, Швеция, Испания және өзге де елдердегі әріптес университеттермен арадағы келісімдер бар. 2011-2012 оқу жылы 7 студент, 2012-2013 оқу жылы 17 студент-магистрант, 2013 жылы 17 студент-магистрант шекара асып, білімдерін толықтырды.Келісімшарттар аясында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті еуропалық жоғары оқу орындарымен бірге «Эрасмус Мундуз» жобасын жүзеге асыру турасындағы консорциум құрамына енді. Мұндағы басты мақсат Орталық Азия мен Еуропа елдері арасындағы академиялық ұтқырлықты дамыту болмақ.

Білім саласындағы мұндай барыс-келістердің білікті маман даярлау ісіне игі әсерін тигізері кәміл.

Академиялық ұтқырлық туралы айтқанда, жастардың әлеуметтік бейімделу жайы да назардан тыс қалмайды.  Өйткені академиялық ұтқырлық аясында ел аумағындағы немесе шетелдегі оқу орнында білімін жалғастыратын студент жаңа ортаға, жаңа бағдарламаға, жаңа талапқа бейімделеді. Мәселен, өзге ұлттың мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен танысып, дүниетанымын кеңейтеді. Тіл үйреніп қана қоймай, өзге ұлт өкілдеріне тәуелсіз Қазақ елін танытады, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын насихаттап, тілін, дінін, пайым-парасатын паш етеді. Жаңа достар тауып, қарым-қатынас аясы кеңейеді. Бұрындары шетелдік оқу орнына барып оқуы үшін студенттеріміздің шет тілдерін өз деңгейінде білмеуі салдарынан студенттеріміз сыннан сүрініп жатса, қазір білімдері жетік студенттердің қарасының көбейгені көңіл қуантады» - дейді Тұрсынзада Қуанғалиева.

Енді елге оралған студенттеріміздің әңгімесіне құлақ түрсек. Жастарымыз Прага жаратылыстану университетінде, Литва елінің Вильнус қаласындағы Миколас Ромерис атындағы университеті мен Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде оқуларын шыңдап келіпті. Шетел университеттерінің қабырғасында өздерінің білімдерін жетілдірген студенттеріміздің үлкен әсермен оралғаны анық. Себебі жастарымыз көрші мемлекеттегі өз замандастарымен достық қарым-қатынас орнатып, өз мамандықтары бойынша тәжірибе алмасты. Бір сөзбен айтқанда жақсылығын үйреніп, көкжиектерін кеңейтіп қайтты.

Ақерке Асқарова, Машина жасау факультетінің ІҮ курс студенті:

- Академиялық ұтқырлық бойынша  елімізде және өзге елдерге барып қайтқан замандастарым бар. Соларға қарап әрдайым қызығатынмын. Тамыз айында ағылшын тілінен емтихан тапсырып, ойдағыдай өтіп, орталық Еуропа мемлекетіне 7 студент, 5 магистрант аттандық. Ұшақтан түсіп, аяғымыз чех жеріне тигеннен бастап, таңғалысымызды жасыра алған емеспіз.

Оқу орнында өзіміздің оқу бағдарламамызға сәйкес пәндерді таңдап, оларға қатысуға мүмкіндік алдық. Айта кететіні, студент өзі қатысқысы келетін пәндерді, ыңғайлы күн тәртібін таңдайды екен. Сабақтар таңғы жетіден кешкі тоғызға дейін бола береді. Сабақ уақыты  90 минут болса, аралық үзіліс 15 минут.Оқытушылардың сабақ беруі жоғары деңгейде, әр сабақ интерактивті тақтада презентация түрінде өтеді. Емтихан тапсыру да студенттің ынтасына байланысты. Себебі таңдап алған презентациясын студент қорғап шығуы қажет  және бағаның басымдылығы осы бөлікте қойылады. Егер студент алған бағасына қанағаттанбаса, қайта тапсыруына әбден болады. Бір емес, бірнеше рет тапсыра алады.

Университеттің материалдық-техникалық базасы заманауи технологиялармен жабдықталған. Әрбір білім алушының университет сайтында өзінің логині болады. Сол арқылы сабақ жоспарын, үй тапсырмасын, бағаларын, емтихан уақытын және профессор-оқытушылар туралы мәлімет алуға болады. Сонымен қатар әр студенттің ISIC карточкасы болады.  Бұл - біздің студенттік билет. Бұнымен университет асханасына, қоғамдық жерлерде, көптеген мұражайларда есеп айырысуға, жол ақысын төлеуге болады. Студенттерге көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Демалыс күндері және сабақтан бос уақытта Еуропа елдерін араладық. Франция, Италия, Австрия, Германия, Швейцария, Словакия бардық. Өзге халықтың ерекшелігімен, тарихымен, салт-дәстүрімен, мәдениетімен таныстық. Көптеген өзге ұлт өкілдерімен танысып, достасып кеттік. Арамыз ажырамады. Тіпті туған күндерімізде үлкен дастархан басында бір отбасының баласындай қуанышымызды бөлістік. Қай жерде жүрсек те университетіміздің абыройын көтеруге, оны басқа ұлт өкілдеріне таныстыруға тырыстық. Сабақ кезіндегі презентацияларға Қазақстан туралы мәліметті қосып отырдық. Бұның астарында елге деген сағыныш, әрі мақтаныш жатқанын жасырмаймын.

Прага қаласы өзінің әсем табиғатымен ерекшеленеді.  Қыстың өзінде жап-жасыл көркімен көздің жауын алады. Қаланың қақ ортасында Карл көпірі орналасқан. Бұл көпір - чехиялықтардың басты мәдени құндылығы. Оның құрылыс жұмыстары ХҮ ғасырда  аяқталған деседі. Көпірдің ұзындығы 516 метр, ені 10 метр, көпірдің 16 арқасы үш мұнараға бекітілген. Күн сайын мыңдаған адам ескі қорғанның іргесінде ілулі тұрған астрономиялық сағаттың алдына жиналады. Ғасырдан ғасырға сырғып келе жатқан бағзы үйлердің кейпін жергілікті тұрғындар өзгертуге құмар емес, өйткені оның әр кірпіші тұнып тұрған шежіре. Прагада не көп, қазақ аңыздарындай аңыз көп. Діни наным-сенімге толы қала десем де болады. Староместко алаңы – ең әдемі жерлерінің бірі. Қала ортасындағы алаңдағы  лық толы туристерге қарап-ақ саяхат жасаушылардың сүйікті мекеніне айналғанын көруге болады. Алаңға қарап, құдды бір той болып жатқандай әсерде қаласың, көпір үсті толған адамдар, жанды оркестр, халықты өзіне қаратып өз өнерлерін ортаға салып жатқан өнерпаздар, портреттерін саудалап жатқан суретшілер, сатылымдағы сувенирлер бұның бәрі керемет көрініс. Сөзіме қарап, халқы сауықшыл деп ойлап қалуыңыз әбден мүмкін. Бірақ адамдары өте еңбекқор. Ең бастысы –өз уақытын бағалай біледі. Метроларға, трамвайғанемесе автобусқа мінгенде екінің бірінің қолынан кітап пен газет-журналды көруге болады. Тіпті кішкене балақандардың өзі кітапқұмар.

Келесі кейіпкеріміз – Хон Любовь. Люба Волгаград мемлекеттік аграрлық университетте «Агрономия» мамандығы бойынша білімін жетілдірді. Мысыр, Палестина, Пәкістан, Әзербайжан мемлекеттерінен дос тауып үлгерген студентіміз көрші мемлекеттегі күндерін сағынышпен еске алды.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ студенті Әбутәліп Әйгерім екеуміз №5 жатақхананың бір бөлмесінде  орналастық. Біз бірнеше мемлекеттен келген студенттермен бір қабатта тұрдық, халықаралық қабат деп айтуға да болады. Олардың мәдениетімен, ұлттық тағамдарымен таныстық. Араб тілін үйренуге деген қызығушылығым оянды. Замандастарымыздың кейбірі орыс тілін үйренуге, ал басқалары мамандықтары бойынша оқуға келіпті.

Университеттері өте әдемі. Соғыс жылдары салынса керек. Экскурсия жасап таныстырса да, жалғыз қалсаң адасып кетуің әбден мүмкін.

Санжылдық  тарихы бар қала өте әдемі. Сталинград шайқасынан кейін қайта дүниеге келді десе де болады. Тарихи жерлері көз тартады. Егер Волгаградқа жолыңыз түсіп жатса, міндетті түрде Мамаев қорғанына, «Сталинград шайқасы» мұражай-панорамасына, планетарийге, Орталық жағалауға барғаныңыз жөн.

Бұл сапардан ерекше көңіл-күймен оралдым. Әрі аграрлық университеттің де педагогикалық құрамының студенттерге білім берудегі механизмі ұнады, студенттерінің де мақсат-мұраттары айқын, сол жолда тер төгуге әзір. Білімге құштар, жаңалығыммен жаһанды таң қалдырамын деген арманды алға қойған ізденімпаз ортадан өзіңе де қанат бітіп, ерекше құлшыныспен сабағыма кірістім. Студенттеріне тамаша мүмкіндік туғызып, білімдерін жетілдіруге ат салысқан университет басшылығына алғысым шексіз. Бұл тек қана менің ғана ойым емес, шекара асқан студенттердің барлығы менімен келіседі.

P.S. Қос кейіпкердің әңгімесінен ұққанымыз көп. Көңілдерінен толқынысты, сөздерінен ризашылықты байқадық.  «Білімдіге дүние жарық», «Білімдіге – өріс кең» дейді халық даналығы. Біліммен сусындап, оны жанына жақын ете білгеннің  тасы өрге домалайтынына тағы бір көз жеткіздік.

Вы здесь: Главная Магистрантам Aкадемиялық ұтқырлық – білім берудің биік белесі
Вы здесь: Главная Магистрантам Aкадемиялық ұтқырлық – білім берудің биік белесі