Жастар дін өкілдерімен кездесті

din 130214-2«Дін ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» дейді қазақ. Өкінішке орай, қазіргі таңда жақсылыққа бет бұрдым деп, жат ағымдарға арбалып, адасып жүрген жандар көбейіп кетті. Секталардың шырмауына негізінен оң-солын әлі ажырата қоймаған жастар түсіп жатыр. Мұның себебін, біріншіден, сырттан келген секталар мен діни ұйымдар бұғанасы қатып үлгермеген жас буын өкілдерімен белсенді түрде жұмыс жасайтынынан іздеген жөн. Екіншіден, сектанттарға мектептегі оқушылар, университеттегі студенттер, оқу орнын енді ғана тамамдаған жас мамандарды торға түсіру анағұрлым оңай.  Себебі біздің жас буынның  бойында күш-қуат бар, санасы уланбаған, кез келген ақпаратты тез қабылдап және тез шешім шығара алады. Үшіншіден, сол жастарымыздың өмірлік тәжірибесі аз болып келеді.

Дін мәселесі – өте нәзік тақырып. Әсіресе, оңы мен солын әлі жете танып-білмеген өрімдей жастардың діни көзқарасын қалыптастыру, оларға салиқалы әрі салмақты түсінік беру тек сала мамандарының ғана қолынан келері сөзсіз. Өйткені, алмақтың да салмағы бар демекші, үстіртін немесе теріс мәлімет алған жастың жат ағымның жетегіне еріп кете беруі ғажап емес. Осы орайда, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің Тәрбие бөлімі мен Жастар комитетіжәне Батыс Қазақстан облысының орталық мешіті бірлесе ұйымдастыратын ақпараттық-түсінік бағытындағы түрлі іс-шаралар кешенінің маңызы зор. Жуырда кезекті кездесулер университеттің Студенттер үйінде, сондай-ақ №2,3 жатақханаларда оздырылып, оған жалпы саны бес жүзге жуық студент қатысты.

Аталмыш іс-шараның мақсаты – жастарды түрлі теріс ағымдардан сақтандыра отырып, отансүйгіштікке, имандылыққа, мәдениеттілікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу, исламның шынайы игілікті рухани байлықтарын насихаттау болды. Облыстық орталық мешітінің наиб имамы Марат Асанов студент жастарға дәстүрлі ислам дінінің басты құндылықтары жайлы сөз етті. Қазақстанда ислам дінінің ханафиттік мазхабы таралғанын ескере отырып, еліміздің өсіп-өркендеуі, рухани тыныштығы үшін осы бағытпен жүру маңыздылығына назар аударды.

Соқыр сенім жетегіндегі фанатқа айналмас үшін, ең алдымен діни сауатты мешіттен, соның ішінде есік торуылдаған ұстазсымақтардан емес, имам-молдалардан үйренген жөн. Қазір көшеде кез келген кісіге кітапша мен журнал ұсынып жүргендердің де дәстүрлі дінге еш қатысы жоқ. Сектанттар өздерінің жымысқы әрекетін ғаламтор арқылы жүргізуден де әсте шаршамайды. Жастар олардан мейлінше тартынып, бойларын аулақ ұстағандары абзал.

Қалалық мешіттің наиб имамы, исламтанушы Дүйсенәлі Бейімбет облыс орталығындағы діни ахуалға тереңірек тоқталып, дәстүрлі емес діни ағымдардан алданған жастардың өмірлерінен нақты мысалдар келтірді.

Тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Ақылбек Сұлтанов университеттегі студент-жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында атқарылған іс-шараларға тоқтала келе,  ынтымақтастыққа мүдделілік танытқаны үшін дін өкілдеріне ризашылығын білдірді.

Тағылымды кездесу барысында студенттер «Тәубеңе кел» атты деректі фильмді тамашалап, көкейлерінде жүрген сұрақтарына  тұшымды жауаптар алды.

din 130214-3  din 130214-1  din 130214-4

Вы здесь: Главная Магистрантам Жастар дін өкілдерімен кездесті
Вы здесь: Главная Магистрантам Жастар дін өкілдерімен кездесті