Елбасы Жолдауы Ғылыми кеңесте талқыланды

txt img kkҚазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғылыми кеңесінде талқыланды. 

Барша қазақстандықтар сияқты Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессор-оқытушылары мен студенттерінен және магистранттарынан құралған үлкен ұжымы да Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын мәжіліс залы мен дәрісханаларда қойылған үлкен мониторлар арқылы тыңдаған болатын. Ал университеттің ғылыми кеңесінің отырысында Жолдауда басымдық берілген негізгі жеті бағыттан туындайтын маңызды міндеттерді жүзеге асыру жолдары қарастырылды.  Университет ректоры, профессор Қазыбай Бозымов баяндама жасап, Жолдаудағы әр бағытқа жеке-жеке тоқталып, атқарылуы тиіс ауқымды шараларды сипаттап берді. Проректорлар мен декандарға, кафедра меңгерушілері мен оқытушыларға әр сала бойынша тиісті міндеттер жүктеді.

- Елбасы Жолдауда қоғамымыздағы маңызды мәселелерді айқындап, мемлекет алдында тұрған мақсат-міндеттерді белгілеп берді. Мұны біз Жолдауда келтірілген сексен инновациялық және он креативтік идеядан айқын көре аламыз. Нұрсұлтан Әбішұлының еліміздегі білім мен ғылым, ауыл шаруашылық және өнеркәсіп салаларына арнаған тың тапсырмалары аграрлық және техникалық салаға қажетті білікті мамандар даярлайтын білім ордасында еңбек етіп жүрген профессор-оқытушылар қауымының ойындағысын дөп басты.

Ғалымдар үшін, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері үшін ең басты жаңалық – Елбасының жалпы ішкі өнімнің 3 пайызына жуығын ғылымды дамытуға бағыттау қажеттігі туралы айтқаны болды. Бұл ғылым жолындағы мамандарға үлкен  қолдау болады, әсіресе, жастардың ғылымға келуіне жол ашады деген сенімдемін.

Бізді әсіресе, Жолдаудағы ауылшаруашылық саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау, білім саласы қызметкерлерінің жалақысын 29 пайызға және студенттердің шәкіртақысын 25 пайызға арттыру арқылы әлеуметтік жағдайын жақсартуға жасалып отырған қамқорлық ерекше қуантады, - деді университет ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қ.Қ.Бозымов.

Жолдауда Президентіміздің отандық ғылым-білімді өркендетуге айрықша басымдық беріп, «Ғылыми қамтымды» экономика мәселесіне жеке тоқталғаны мәлім. Осы орайда университет ғалымдары ғылыми-зерттеу институты базасында ауылшаруашылығындағы биотехнология, ихтиология және балықтарды жасанды көбейту, мұнай химиясы және қоршаған ортаға залал келтіруі мүмкін нысандардың экологиялық мониторингі бағытындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ғылым мен жоғары оқу үдерісін интеграциялау үрдісін нәтижелі жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар, ғылымды индустрияға жеткізу, ғылымды өндіріске апару мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Оған дәлел, университет ғалымдарының жалпы саны отыздан астам инновациялық жобасы ғылымның қатысуын қажет ететін үлкен-үлкен мәселелердің шешімін табуға бағытталғандығы.

Аграрлық салаға бағытталған оннан астам инновациялық жобаны облыс әкімі Н.Ноғаев бекіткен «Инновациялық тәжірибелерді тарату және ендіру бойынша көрсетілетін қызметтер» бюджеттік бағдарламасы аясында қаржыландыру көзделіп отыр. Олардың қатарында қазіргі заманғы генетикалық әдістер бойынша асыл тұқымды малдың ата тегін анықтау, генеқорды сақтау, ғылыми негізде қолдан ұрықтандыру, жайылымдар жағдайын зерттеп, құнарлылығын арттыру, сондай-ақ төрт түліктегі жұқпалы және паразиттік паталогиялардың алдын алу, тану, емдеу шараларын жүзеге асыру  жобалары бар.

Қазыбай Қараұлы өркениетті елдердің тәжірибесі негізінде  жоғары оқу орындарына автономия беру жайына тоқталып, білім беру жүйесін санға емес сапаға негіздеу көзделіп отырған тұста  Назарбаев университетінің үлгісіне сүйену қажеттігін ерекше атап өтті. 2016-2019 жылдары Үдемелі индустрияландырудың Екінші бесжылдығының іске асуы және келесі бесжылдықтарға бөлініп, 2050 жылға дейін жалғасуы ЖОО түлектері, яғни – болашақ құрылысшылар, инженерлер, энергетиктер, химиктер, технологтар үшін жүздеген жаңа жұмыс орны, сондай-ақ өндірістік тәжірибе алаңдары екені сөзсіз. Университет ректоры Мәңгілік Елге айналу жолында бүгінгі жас маманның ертеңгі кемел күніне тікелей жауапты профессор-оқытушылардың арқалар жүгі ауырлай түскенін және осы міндетті абыроймен атқарып шығу ұстаздық, азаматтық парыз екеніне тоқталды.

Президент  ұсынған «Мәңгілік ел» идеясы университеттің профессор-оқытушылар ұжымы мен студенттер қауымының көңілінен шықты және олар Елбасының «Мәңгілік ел» патриоттық актін құру туралы идеясын бірауыздан қолдайды. Философия ғылымдарының докторы, профессор Тілекжан Рысқалиев«Мәңгілік Ел» идеясын Асан Қайғы армандаған «Жерұйық» идеясының жалғасы деп қарастыруымызға болады. Болашақ Қазақстан, дамыған 30 елдің қатарына кіретін Қазақстан, шынында да,  Қазақ халқы үшін, бүкіл қазақстандықтар үшін Жерұйық болады деп айта аламыз.Мәңгілік Ел идеологиясы бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ істің төңірегіне бүкіл қазақстандықтарды, әрбір азаматты біріктіруі керек. Қазақстандық қоғамның өзіндік құндылықтарын айқындап біріктіретін «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі атты жаңа құжат жасалып, қабылданатын болды. Білім беру саласының мамандары – сіздер мен біздер – бұл шараға өз үлесімізді қосуға тиістіміз, - десе, 2 курс магистранты Лашын Бертілеу жас ғалымдардың тың идеяларын қолдаудың нақты көрінісі республикалық және алыс-жақын шетелдерде машықтануға жасалған мүмкіндік екендігін айтты.

Жалпы, Жолдауда айқындалған барлық мәселе біздің тәуелсіздігіміздің баянды болуымен байланысты және олар бүгінгі күннің талабынан туындап отыр. Жоғары оқу ордасының ұжымы жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру негізінде, «білім беру-ғылым-өндіріс» жүйесінде білікті маман даярлау басты міндеті деп түсіне отырып, Елбасы Жолдауындағы басым бағыттарды толық қолдайды және барлық күш-жігерін халқымыздың игілігі жолындағы ұлы мақсаттарға жұмылдырады. 

Вы здесь: Главная Магистрантам Елбасы Жолдауы Ғылыми кеңесте талқыланды
Вы здесь: Главная Магистрантам Елбасы Жолдауы Ғылыми кеңесте талқыланды