Үздік волонтерлар БҚАТУ-да оқиды

250114-4Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде арманы асқақ, ертеңге артқан мақсат-мұраты зор, болашағынан зор үміт күттірер талай студент білім алуда. Оқуда озат, қоғамдық жұмысқа белсенді Әмір Шондыбаев пен Светлана Трофимова жақында «Бота» қоғамдық қорының сыйлығына ие болды.

250114-1Әмір – «Бота» қоғамдық қорының степендиаты. Аталған қор жыл сайын Білім гранттары бағдарламасын көпшілікке ұсынады. Бағдарламаның мақсаты Қазақстанның университеттері мен колледждерінде ақылы білім алуға жеткілікті қаражаты жоқ жастарды қолдауға негізделген. Ал үміткерлерге жүктелетін негізгі міндет – үздік оқужәне бір жыл ішінде ең кемі жиырма сағат көлемінде қарттар үйінде, балабақшаларда, не болмаса мектептерде қоғамдық жұмыстармен айналысып, мұқтаж жандарға  көмек көрсету. Өз еркімен өзгелерге қол ұшын созуды жөн санаған ең үздік еріктілердің еңбегін «Бота» қоры жыл сайын елеп отырады. Марапатқа ие болып, жеңімпаз атанған Әмір Шондыбаев белсенді ерікті екенін мақтанышпен айтады. Алғаш университет сахнасында қанаты қатайып, түрлі мәдени шараларға қатысып, еті ысылды. «Ерке-Нұр» би ансамблінің мүшесі, Студенттер үйінің спорт министрі, «Үздік студент» төсбелгісінің иегері.

Әмір өзініңволонтерлық жұмысын «Ашық қоғам» қоғамдық бірлестігінде бастаған. Өзі сияқты ерікті қыз-жігіттермен бірге облыс орталығындағы балалар үйлері мен жалпы білім беретін орта мектептерде түрлі тақырыптық кештер ұйымдастырып, кездесулер өткізді.

250114-2«Өзім де балалар үйінде тәрбиелендім. Сондықтан ыстық ұяма қайта оралып, туған бауырларымдай болып кеткен кішкентай бүлдіршіндерге қуаныш сыйлау, жүректеріне мейірім шуағын сіңіру мен үшін аса маңызды. Сондықтан мен өз жұмысыма тек волонтерлық сағаттарды толтыру үшін емес, қамкөңіл, махаббатқа зәру балаларға көмек көрсету үшін құлшынып барамын. Тіпті қарапайым үй тапсырмасын орындауға көмектескенім үшін де өзімді бақытты сезінетінім рас.Маған қарап бой түзеген жас өрендерді көріп, ерекше сезімге бөленген сәттер қаншама» - дейді үлкен жүректі жас жігіт.

250114-3Еріктілік қызмет етуде белгіленген 20 сағатты толтырып қана қоймай, өз ынтасымен оны 263 сағатқа еселеген Әмірдің белсенділігі де байқаудың жеңіс тұғырында көруіне өз септігін тигізді. «Бота» қорынан берілген нетбук сынды сый да студент үшін бағалы болмақ.

Светлана – көпбалалы отбасынан. Сапалы білім, саналы тәрбие алуына өз септігін тигізген «Бота» қорына айтар алғысы шексіз. Мектепте де, университетте де мәдени шаралардан қалыс қалмаған Светлана ерікті болып мүгедек балалардың «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігіндегі жұмысына да ерекше жауапкершілікті сезіне кірісті.Оларды күту мен оқыту, тәрбиелеу жұмысынатамшыдай болса да септігін тигізгеніне риза. Болашақта олардың ортадан оқшауланбай, өздерін қоғамның бір бөлшегі ретінде сезінуіне өз үлесімді қосамын дейді жалынды жас. Мал дәрігері болсам деген бала арманының орындалуына да аз қалды. Себебі ол биыл «Ветеринарлық медицина және биотехнология» факультетін тәмамдап, қолына дипломын алмақшы. Ауыл шаруашылығының ел өміріндегі маңызын көкейіне сіңіре білген бойжеткен мамандығының бар қиындығына шыдап, аянбай еңбек ету арқылы ғана ата-анасының үмітін ақтамақшы.

Вы здесь: Главная Магистрантам Үздік волонтерлар БҚАТУ-да оқиды
Вы здесь: Главная Магистрантам Үздік волонтерлар БҚАТУ-да оқиды