Бос орындар жәрмеңкесі өтті

vakanzia6 желтоқсанда Жәңгір хан атындағы Батыс-Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде кәсіптік практика және студенттік мансап департаментінің ұйытқы болуымен дәстүрлі бос орындар жәрмеңкесі болып өтті. Болашақ түлектер жалпы саны сексенге жуық отандық және шетелдік жұмыс берушілермен кездесу барысында жұмысқа орналасу және студенттік практикада өту бағытында ой бөлісіп, пікір алмасты.

Бір қуантарлығы, қазіргі жастар мүндай жәрмеңкелерді уақытты босқа өткізу деп қабылдамайды. Керісінше, іздегенге сұраған деп танып, университет басшылығының шақыртуымен арнайы келген жұмыс берушілермен жақынырақ танысып, білім-білігімен ерекшеленіп қалуға барынша тырысып бағады. Университет ректоры Қазыбай Бозымов болашақ жас мамандарды жұмыспен қамту мәселесіне айрықша мән беріп, ықпалдастыққа үнемі мүдделілік танытып жүрген кәсіпорын, мекеме басшыларына ризашылығын білдірді. Қолдарына дипломдарын енді ғана алған университет түлектерін еңбекке тартуда «Жастар практикасы», «Дипломмен ауылға», «Микронесиелеу» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары» өз өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Осы орайда ауылда жұмыс істеуге ынталы жастар қатарының жыл санап артып отырғандығын айта кеткен жөн. Студенттер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесіне жүгінсек, олардың жетпіс пайыздан астамы еңбек жолын ауылдан бастауға тас-түйін бекініп отыр. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының өңірлік даму және мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау бөлімінің бас маманы Мәншүк Демеуова «Дипломмен ауылға» бағдарламасының шарапаты мен шапағаты туралы тартымды әңгімелеп, жастардың қызығушылығын арттырды.

-Ауылға ат басын бұрған үш мыңға жуық жас маманның бәрі де көтермеақыға қол жеткізді, тұрғын үй салуға немесе сатып алуға жеңілдетілген несие алды. Соңғы жылдары ауқымды жобаға денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт саласы мамандықтарына қоса ветеринария саласы мамандықтарының енуі талай жастың қызу еңбекке араласуына жол ашты. «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысты насихат-түсінік жұмыстарын кең көлемде жүргізе береміз»,-деді Мәншүк Дәулетқызы.

Орал қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Жұмыспен қамту орталығы» КММ маманы Нұрсәуле Елеуова «Жастар практикасы» бағдарламасының ерекшеліктеріне тоқталса, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бөлімінің жетекшісі Алтынай Мукаева түлектерді білімдерін магистратурада жетілдіруге шақырды.

Жәрмеңкеде бос жұмыс орындарын ұсынған кәсіпорындар қатарында «КПО б.в.», «Техномаре Қазақстанда», «Licorice Kazakhstan», «Орал трансформатор зауыты», «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы», «Омега аспап зауыты», «Омега механикалық зауыты», «Жайықмұнай», «Конденсат» және т.б. сексенге жуық компания өкілдері болашақ түлектермен әңгімелесу өткізіп, кадрлар резервін жасақтады.

Вы здесь: Главная Магистрантам Бос орындар жәрмеңкесі өтті
Вы здесь: Главная Магистрантам Бос орындар жәрмеңкесі өтті