Жәңгір хан атындағы БҚАТУ студенті – республикалық байқау жеңімпазы

amir071213Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің политехникалық факультетінің ІІІ курс студенті Әмір Садыров ҚР Орталық сайлау комиссиясының еліміздің ЖОО-ның студенттері мен магистранттары арасында ұйымдастырған ҚР сайлау құқығы және сайлау үрдісі мәселелері жөніндегі байқауға қатысып, жеңімпаз атанып, олжамен оралды.

Сайлауды жастар арасында танымал ету, болашақ жас сайлаушылардың демократиялық процестерге қатысу тәжірибесін жинақтау және сайлау сауаттылығын арттыруға арналған байқау 2013 жылғы 10 қаңтарынан 31 мамырға дейінгі уақытта екі кезеңде өткізілген болатын. «Қазақстан Реcпубликасындағы сайлау құқығы мен сайлау процесінің мәселелері жөніндегі ғылыми жұмыс», «Сайлау науқанының үздік слоганы», «Сайлау тақырыбына үздік бейнеролик» атты 3 аталымнан тұрған байқауға қатысу үшін еліміздің 38 жоғары оқу орнының студенттері мен магистранттарының 200-ден астам жұмысы келіп түссе, солардың тек 20-сы ғана іріктеуден өтті. Конкурсқа ұсынылған әрбір жұмыс мұқият түрде талқыланып, құқық, саясат және әлеуметтану саласындағы Ортсайлауком ғалымдары мен сарапшылары енген қазылар алқасы әрбір жұмысты талдап, әрқайсысына арнайы рецензия дайындаған. 

Байқаудың облыстық кезеңіне қатысқан студенттеріміз де өзге қарсыластарын шаң қаптырды. Политехникалық факультеттің ІІІ курс студенттері А.Аққұнанова ІІ орынды иеленсе (жетекшісі М.Тналиев), А.Баисова (жетекшісі Г.Кабулова) ІІІ орынға табан тіреді.

Облыстық кезеңге қатысқан студенттер мен магистранттар ішінен топ жарып, республикалық жарысқа жолдама алып, «Жастардың электоратты белсенділігін арттыру» тақырыбында жұмыстанған байқау жеңімпазы Әмір Садыров: «Байқауға ұсынылған 200-ден астам жұмыстың ішінен оқ бойы озып шығу – тек менің ғана жеңісім емес, ұстазым В.Есенғалиеваның еңбегі көл-көсір. Ғылыми жұмысты жазу барысында облысымыз бойынша сайлау жөніндегі статистикалық мәліметтерге жүгіндім.Сайлауға қатысуға құлықсыз жастармен кездестім. Сайлау кезінде белсенділік танытып, ұлттық сайлау жүйесінің даму процесін талқылауға қызығушылықтары жоғары замандастарыммен де ой бөлістім. «Саяси науқан кезіндегі жастар рөлі», «Ата заңымыз кепілдік берген сайлау құқығын іске асыруға жауапсыз жастармен қалай жұмыс жүргізген дұрыс» деген сауалдар төңірегінде өз көзқарасымды білдірген болатынмын. Сарапшылыр көңілінен шықса керек, арнайы дипломға және студент үшін бағалы сый ноутбукке ие болып, олжамен оралдым.Жоба шеңберінде демократиялық сайлау процесінің даму тарихы мен үрдісі туралы жария және интерактивті лекциялар ұйымдастырылып, жастардың сайлау процесіне қатысу мәселелері жөнінде ашық пікірталастар өткізілді, мектептер мен жоғары оқу орындарындағы сайлау тәжірибесін талдау, жас сайлаушылардың Қазақстан Республикасының сайлау құқығы негіздерін білу деңгейіне әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Марапаттау рәсіміне қатысқан ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің хатшысы Абай Айдынның «үздік бейнероликтерді кинопрокат саласындағы ірі компаниялардың бірімен келісе отырып, киносеанс алдында көрсету көзделуде» деген сөздері қатысушылардың одан әрі белсенділігін арттыра түсері анық.» - деп әсерімен бөлісті.

Аталған байқаулар шығармашыл жастарға қанаттандыратыны анық. Ал жеңімпаздардың ғылыми жобалары алда жеке кітап болып шығарылмақ.

Вы здесь: Главная Магистрантам Жәңгір хан атындағы БҚАТУ студенті – республикалық байқау жеңімпазы
Вы здесь: Главная Магистрантам Жәңгір хан атындағы БҚАТУ студенті – республикалық байқау жеңімпазы