Дінтанушы студенттермен кездесті

din211113-218 қараша күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған республикалық ақпараттық үгіт-насихат тобының мүшесі, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің магистранты, дінтанушы Рүстем Сыздықов пен ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтанов «Ислам: сұрақтар мен жауаптар» тақырыбында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенттерімен кездесті. 

Алдымен сөз алған облыс имамы қоғамдағы діннің маңызы мен орны, елімізде заманауи біліммен қатар, діни білім де бірге дамуы керектігі, қазіргі таңдағы егемен еліміздің тыныштығы мен берекесін бағалау, сансыз нығметтерге шүкіршілік ету жайында  әңгіме қозғады. Сонымен қатар бас имам өңірге Әл-Асқар университетінің қос бірдей түлегі келгендігін, облыстық мешітте кітапхана, дәріс жүргізетін 2 бөлме, мәжілісхана ашылғанын айтып, кез келген сұрақ бойынша мешіт имамдары мен теолог мамандардан кеңес алуға болатынын жеткізді. 

Жиында Р.Сыздықов жастардың діни, конфессияаралық қақтығыстардың тарихы және олардың салдарынан хабардар, өздері сауатты болуы керектігін атап көрсетті. Оның айтуынша, қазіргі кезде дәстүрлі діндердің атын жамылып, ел арасына іріткі салып жүрген теріс діни ағымдар адамзат қоғамына қауіп төндіруде. Жастардың осы жолға бой алдыруының негізгі себебі - діни сауатсыздық, ақпараттың жетіспеушілігі және көп нәрсеге немқұрайлы қарауы. Олар дін жолына түстім деп ата-анасынан, достарынан, жалпы қоғамнан алшақтап, өз дегенін ғана ақиқат санап, айналасындағыларға, тіпті мешіт имамдарына күдік келтіреді. Мұндай жағдайға тап болмас үшін қоғамға діни сауаттылық қажет. Ислам радикалды және дәстүрлі деп екіге бөлінбейді. Ол - бейбітшілікті насихаттайтын дін. Ал исламның атын жамылған, әлемде және біздің елімізде сегрегация мен зорлау саясатын тудыратын түрлі деструктивті ағымдар ислам дінінен емес. Олар - ислам дінінің атын жамылған теріс ағымдар. Ислам дінінің зорлыққа, қылмысқа, кісі өлтіруге ешқандай қатысы жоқ. Идеялық орталықтары шет елдерде орналасқан кейбір жыртқыш топтар ислам дінін саяси құрал ретінде пайдаланып, террор саясатын үндейді. Ал оның негізінде, белгілі мемлекеттердің билік элиталарының табиғи ресурстарға деген геосаяси қызығушылықтары жатыр. Ал енді басына орамал таққан, сақалын өсірген, балағын кескен адамдардың барлығын бірдей адасқан ағымдар мүшесі деп айту мүлде дұрыс емес. Ол тіпті адамгершілікке де жатпайды. Әрине, ондай адамдарға күдікпен қарауға болады, дегенмен алдымен олармен сөйлесіп, арнайы сұрақтар қойып, берген жауабына қарап отырып байқауға болады. «Егер жат ағымның мүшесі болса, онда оларға адасып жүргендіктерін жұмсақ мінезбен, хикметпен айтып түсіндіру керек, ғылыми тұрғыда көздерін ашу керек. Мешіттерде, басқа жерлерде де кездесіп жатсақ, оларға «кітапқа жүгініп қарайық, көрейік, талдайық» деп кеңес беріп, шақырамыз. Ал «сен уахаббитсің, сен салафисің» деп табалау - наданның ісі. Бұл жерде өте абай болу керек», - деді Рүстем Мәлікұлы.

Сұхбат барысында исламның негізгі қағидаларын жеңіл және ұғынықты түрде түсінуге мүмкіндік берген кездесудің пайдалылығы студент жастардың еркін түрде қойған сұрақтарынан аңғарылды.

Шара соңында студенттер осындай сұхбат алаңы жиі өткізілсе деген тілектерін білдірді.

Вы здесь: Главная Магистрантам Дінтанушы студенттермен кездесті
Вы здесь: Главная Магистрантам Дінтанушы студенттермен кездесті