Бірінші курс – 2013

1kurs100913-1Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде жыл сайын өткізіліп тұратын дәстүрлі «Бірінші курс – 2013» байқауы өтті.

Университет табалдырығын биыл аттаған бірін курс студенттерінің арасынан талантты жастарды анықтау және қолдау көрсету, мәдениетті, тәрбиелі болуға ұмтылдыру, отаншылдық рух пен патриоттық тәрбиені арттыру мақсатын көздеген бұл байқауға университеттің бес факультеті де үлкен даярлықпен келді.

Байқау шартына сәйкес, қатысушылар «Эстрадалық әндер», «Патриоттық әндер», «Ұлттық би», «Заманауи би», «КТК сайысы», «Аспаптарда ойнау», «Көркемсөз оқу», «Режиссура», «Жүргізушілер», «Бейнеролик» аталымдары бойынша өзара сайысқа түсті.

Екі күнге созылған көркемөнерпаздар байқауының қорытындысында «Эстрадалық әндер» жанрында француздың сазды әнін тыңдарман жүрегіне жеткізе білген агрономия факультетінің «Nuestro amore» дуэті бірінші, «Алтын бесік» әнін нақышына келтіре орындаған ветеринарлық медицина және биотехнология факультетінің аруы Ботагөз Жантұрсынова екінші, ал алғылшын тілінде ән айтқан машина жасау факультетінің әншісі Тілеген Аругүл үшінші орынға ие болды.

1kurs100913-2«Патриоттық әндер» аталымында машина жасау факультеті жеңіс тұғырынан көрінсе, ветеринарлық медицина және биотехнология факультетінің «Қазақстаным, алға!» әнін орындаған «Асыл» дуэті екінші орынды еншіледі, ал «Жаңа ғасыр – Қазақстан» әнімен шыққан политехникалық факультеттің «ЖасStar» квартеті үшінші орынға табан тіреді.

Әдемі әжуа, ұтқыр әзілдерімен көпшілікті тәнті ете білген экономика және бизнес факультетінің әзілкештері КТК сайысының жеңімпазы деп танылды, ал политехникалық және ветеринарлық медицина және биотехнология факультеттерінің командалары екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті.

«Аспаптарда ойнау» аталымында әртүрлі әндердің сазын нақышына келтіре ойнаған политехникалық факультеттің «Жайық әуендері» ансамблі бірінші орынды бағындырса, «Әлқиссаны» әуелеткен агрономия факультетінің өнерпаздары екінші орыннан көрінді, ал Құрманғазының тыңдаған жанның рухын көтеретін «Адай» күйін күмбірлеткен политехникалық факультеттің «Жайық әуені» ұлттық саз апаптары ансамблі жүлдегерлер үштігін тұйықтады.

«Көркем сөз оқу» сайысында ветеринарлық медицина және биотехнология факультеті бірінші, экономика және бизнес факультеті екінші, политехникалық факультет үшінші орындарды иемденті.

«Ұлттық би» аталымы бойынша, политехникалық факультеттің «Таңжолпан» би ұжымы жеңімпаз атанса, экономика және бизнес факультетінің «Көркем» би тобы екінші, ветеринарлық медицина және биотехнология факультетінің «Нұр-Ай» би тобы үшінші орынды қанжығаға байлады.

«Заманауи би» аталымында нақышты өрнектерімен ерекшеленген экономика және бизнес факультетінің бишілері бірінші орынды жеңіп алса, политехникалық факультеттің «Flamingo» тобы екінші, машина жасау факультетінің «Мега драйв» би тобы үшінші орынға қол жеткізді.

Барлық сайыстарды қортындылай келгенде, бағдарлама желісін ертегі түрінде көрерменге ұсынған экономикалық факультет «Үздік режиссура», ал политехникалық факультет «Үздік факультет» аталымдары бойынша марапатталды.

Бірінші курс студенттерінің өнерін ортаға салған байқау жоғары деңгейде өтті.

Вы здесь: Главная Магистрантам Бірінші курс – 2013
Вы здесь: Главная Магистрантам Бірінші курс – 2013