АКАДЕМИККЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

24 қазанда Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Топырақ құнарлылығын сақтаудың басымды бағыттары» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті.

Бұл шара көрнекті ғалым, ұстаз, жерлесіміз, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының, Ресей Ауылшаруашылығы ғылымдары академиясының, Халықаралық Аграрлық бiлiмдер академиясының академигi, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанындағы агрохимия және экология ғылыми-зерттеу институтының директоры, университеттің агрохимия және топырақтану кафедрасының меңгерушісі ЕЛЕШЕВ Рахымжан Елешұлының 75 жасқа толуына арналды.

eleshev75-1Конференция басталмас бұрын қатысушылар назарына «Академик Р.Елешевтің өмір жолы мен ғылыми-педагогикалық қызметі» атты деректі фильм ұсынылды.

Мерейлі шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Макен құттықтау сөз сөйлеп, жерлесіміз әрі ғылымға баулыған ұстазы болып табылатын Рахымжан Елешұлының иығына қазақы дәстүрмен шапан жапты.

Университет ректоры Қ.Қ. Бозымов академик Р.Елешевтің Қазақстан Республикасы агрохимия ғылымының дамуындағы рөлі туралы көлемді баяндама жасады. «Рахымжан Елешұлының алғашқы ғылыми жұмыстары қант қызылшасына фосфор тыңайтқыштарының әртүрлі формаларының салыстырмалы тиімділігі мен оларды қолдану технологиясын зерттеуге байланысты болды. Олардың нәтижелері 1968 жылы «Жамбыл ам­мо­фосының агрохимиясы және оның басқа фосфаттармен салыстырмалы тиімділігі» тақырыбына қорғалған кан­дидаттық диссертациясына арқау болды. 1984 жылы Тимирязев атындағы Ауылшаруашылығы ака­демиясының ғылыми кеңесінде докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты.

eleshev75-2Қазақстанның негізгі топырақ тип­терінің фосфор режимі және фосфор тыңайтқыштарының тиімділігі бойынша зерттеу жұмыстарын Р.Елешев ауыспалы егістіктердегі негізгі ауылшаруашылық дақылдарына оларды қолдану жүйесі мен Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс агроценоздарында қоректік элементтердің балансы бойынша мәліметтер банкін жасаумен аяқтады.

Тыңайтқыштармен жүргізілетін далалық тәжірибелерінің біртұтас Бүкілодақтық Географиялық жүйе бағдарламасы аясында Қазақстанның жекелеген топырақ-климат аймақтарында, оларды жоғары ғылыми-әдістемелік деңгейде жүргізуді ұйымдастыруды және ары қарай алынған нәтижелерді өндіріске енгізуге септігін тигізді. Рахымжан Елешұлының бұл жұмысы егіншілікті химияландыру, тыңайтқыштарды жүйелі түрде қолданудың агроклиматтық және экологиялық аспектілері, сонымен қатар егіншілікті биологизациялауда сидералды дақылдар мен жергілікті агрорудалық шикізаттарды пайдалану мәселелерін зерттеумен ұласып, мерейтой иесінің ғылыми қызығушылығымен бүгінгі бағыттарына бастау берді. Қаратаудың фосфоритін қайта өңдеп, одан аммофос тыңайтқышын алу жөніндегі жемісті еңбектері ғалымдар тарапынан өте жоғары бағаланды, артынан КСРО Мемлекеттік сыйлығын иеленді», - деді ғалымның қызметіне тереңірек тоқталған Қазыбай Қараұлы мәртебелі мейманға жоғары оқу орнының 50 жылдық торқалы тойына арналған мерекелік медаль мен бағалы сыйлықты тарту етті.

eleshev75-4Келесі кезекте мінберге көтерілген ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор Нұрлан Серғалиев, университет профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, ғалымның шәкірті Бейбіт Насиев, ғалымдар Сәуле Рахымғалиева мен Болатқали Төлебаев, «Топырақтану және агрохимия» мамандығының магистранты Назгүл Қабдығалиевалар облыс аумағында топырақ құнарлылығын арттыру мәселесіне арналған баяндамаларын жасады.

Ал ғалымның шекпенінен шыққан шәкірттері атынан сөз алған «Көктөбе» ЖШС директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты К.С. Төлегенов, «Дауқара» шаруа қожалығының басшысы А.О.Ғалымовтар ұстаздарына деген жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ат мінгізді.

Шара соңында мерейтой иесі Рахымжан Елешев өзіне көрсетілген сый-құрмет пен ыстық ықыласқа ризашылығын білдіріп, конференцияны ұйымдастырған университет басшылығына алғыс айтып, арнайы алып келген бағалы сыйлықтары мен қаламынан шыққан жаңа кітаптарын табыс етті.

Университеттің ғылыми кітапханасының қызметкерлері жасақтаған ғалымның еңбектері мен кітаптары, мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған публицистикалық мақалалары топтастырылған «Ғылым көкжиегіндегі дара тұлға» атты көрме шара қатысушыларының көңілінен шықты.

Вы здесь: Главная Магистрантам АКАДЕМИККЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Вы здесь: Главная Магистрантам АКАДЕМИККЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ