АЙБЫНЫМЫЗ – БІРЛІК, АЙДЫНЫМЫЗ – ТІРЛІК

18 қазанда Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХV съезі өтіп, оның жұмысына қатысқан партия төрағасы - Елбасы Н.Ә.Назарбаев сөз сөйлеп, 250 филиалдағы 6300 бастауыш ұйымды біріктірген алып саяси құрылымның жұмысына оң бағасын берді.

241013-2Алқалы жиынға Ақжайық өңірінен қатысып қайтқан 72 делегаттың ішінде Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ІІ курс студенті Әдемі Махамбетқызы да бар.

Әдемі - «Нұр Отан» БҚО филиалының «Жас Отан» жастар қанатының жанынан құрылған «Жас саясаткерлер» мектебінің тыңдаушысы. Үстіміздегі жылдың наурыз айында мектепке іріктеу негізінде қабылданған ол белсенділігімен көзге көріне білді. Қыркүйек айында Көкшетау қаласында өткен «Жастар - Отанға» атты «жасотандықтардың» саяси лагерінде делегат болып, «Нұр Отан» нұрлы болашақ жолында» атты Доктринаны талқылауға қатысты.

241013-1Әдемі Махамбетқызы, «Ветеринарлық медицина және биотехнология» факультетінің ІІ курс студенті, съезд қонағы:

-  «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХV съезіне қатысып келдім. Партияның бұл съезі еліміз үшін, бүкіл қазақстандықтар үшін жөні бөлек, үлкен тарихи оқиға болды деп есептеймін. Бұл менің өмірімдегі алғашқы съезд, алғашқы жиын. Оған барлық деңгейдегі депутаттар, қоғам қайраткерлері, Үкімет мүшелері және Елбасы қатысқан болатын. Бұрын теледидардан ғана көріп, салиқалы саясатын тыңдап өскен Елбасымызды көріп, жастарға айтқан жігерлі сөздерін тыңдап, рухани әрі патриоттық күш алып оралдым. Бұл мен үшін үлкен мәртебе болды. Аталған шараға тұңғыш рет 300 белсенді жас қатыстырылған екен. Бұның тарихи оқиға екені белгілі, сол тарихтың бөлшегіне айналғаным үшін өзімді бақытты санаймын. Алдағы уақытта съездегі Президентіміздің: «Бекер келген байлық бекер кетеді, Еңбекпен келген нан тәтті болады» деген аталы сөздері менің өмірлік ұраныма айналғандай. Елбасының тегін келген дүниенің оңай жұмсалатынын, жұғымының мәз болмайтыны, сондықтан ерінбей еңбектеніп, сол еңбегіңнің өтеуіне қуана білу деген сөздерін санама сіңірдім.

Жастар мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды орындайтын негізгі күш болғандықтан, біздерге үлкен үміт артылып отыр. Сол себепті, құжатта жастар мәселесіне көп көңіл бөлінген. Біздерге артылған жауапкершілік жүгін толықтай сезініп, елімізді өркендету бағытында білім алып, аянбай адал еңбек етуіміз қажет екенін тағы да ұғына түскендеймін.

Өз кезегімде съезге қатысып қайтуыма мүмкіндік жасаған университет ректоры Қ.Қ. Бозымовқа айтар алғысым шексіз.

Вы здесь: Главная Магистрантам АЙБЫНЫМЫЗ – БІРЛІК, АЙДЫНЫМЫЗ – ТІРЛІК
Вы здесь: Главная Магистрантам АЙБЫНЫМЫЗ – БІРЛІК, АЙДЫНЫМЫЗ – ТІРЛІК