«Жастардың көзқарасын діни экстремизмге қарсы бұру»

201013-4Экстремизм соңғы кезде еліміздегі басты мәселенің бірі болып отыр. Қазіргі таңда діни ахуал жағдайында «жалпы экстремизм» деген терминге зерттеушілер ортақ бір нақты мазмұн беретін балама сөз тапқан жоқ. Әр ғалым өзінше сөз саптайды. Бір анығы, қоғам үшін бұл – үлкен қауіпті құбылыс. Экстремизм (ехtгеmus) деген латын тілінен енген термин, сөздік мәні соңғы, шеткі деген мағынаны, жалпы тәртіпті мойындамайтын, өзінің пікірімен ғана іс-әрекет жасаушы дегенді білдіреді.

Экстремизм адамның надандыққа, көрсеқызарлыққа бейімделген көзқарасынан пайда болады. Яғни, тек менің ғана пікірім болуы керек деген сияқты. Бұл ең алғашқы кезеңдері болып саналады. Экстремизмнің тағы бір көрінісі басқа біреуді көре алмау, түсінбеу немесе түсінгісі келмейтін адамдардан шығады. Лаңкестер дұрыс бағытқа жол көрсететін адамдардың кеңесіне мүлдем құлақ аспайды. Олар өздерін ең таза кіршіксіз деп санап, басқаның барлығын адасушыларға жатқызып, жөн білетін адамдарды мойындамайды. Міне, осының салдарынан әлемде түрлі төңкерістер мен қантөгістер орын алуда.

Біздің жастарымыздың жат ағымдардың жетегіне еріп, оп-оңай қармаққа ілігіп жатқаны қаншама? «Бір жылыңды ойласаң, күріш ек, он жылыңды ойласаң, ағаш ек, жүз жылыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле» дейді халық даналығы. Сондықтан ұрпақ тәрбиесі қашанда өзектілігін жойған емес. Міне, осындай өзекті мәселенің мәні мен маңызын терең түсінген ветеринарлық медицина және биотехнология факультетінің ұжымы 2 қазанда «Жастардың көзқарасын діни экстремизмге қарсы бұру» тақырыбында ІІ курс студенттерімен кездесу ұйымдастырды. Аталмыш шараға Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Ә.Е. Молданиязов, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің Жастар ісі жөніндегі комитеттің әлеуметтік жұмыстар жөніндегі бас маманы Е.Т.Ербаев, «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы Г.М.Хайруллина шақырылды.

Кездесуді ашқан факультет деканы а.ш.ғ.д., профессор Е.Ғ.Насамбаев шақырылған мамандармен таныстырып, діни экстремизмнен сақтану керектігін, каншама жастардың түрлі діни ағымдардың арбауына еріп кеткендерін атап өтті.

Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Ә.Е. Молданиязов қазіргі таңдағы облысымыздағы, қаладағы діни ахуал жайында мәлімет берді. Студент-жастарды діни кітаптарға, ғаламтордағы ақпараттарға сеніммен қарамауға шақырды.

Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Г.М.Хайруллина қазақ әйелдерінің ежелден еркін өмір сүргенін, хиджаб жамылып, бүркенуден ада болғандығын айтып, бұлардың барлығының араб елінде болғанына тоқталып өтті.

«Биотехнология, мал және балық шаруашылығы» кафедрасының доценті, а.ш.ғ.к., ҚР Журналистер одағының мүшесі Б.Т.Төлебаев студенттерді ұлттың тілін, ділін, әдет-ғұрпын сақтауға шақырды. Жастарымыздың бойында ақыл мен білімді, жүректеріне имандылық пен қайырымдылықты сіңіре білу керектігін айтып, еліміздің көркеюі және гүлденуі үшін күш-жігерлерін жұмсау керектігі жөнінде өз ойын білдірді.

Кездесуде «Жат ағымға арбалғандар» атты бейнеролик көрсетілді.Студенттеріміздің шарадан алған мол танымдық ақпараты мен дін туралы түсініктері қала көшелерінде әртүрлі айламен еліктіріп, өздерін тыңдатуға тырысып жүргендерден қорғануға көмектесері сөзсіз.

Вы здесь: Главная Магистрантам «Жастардың көзқарасын діни экстремизмге қарсы бұру»
Вы здесь: Главная Магистрантам «Жастардың көзқарасын діни экстремизмге қарсы бұру»