Университет ұжымы Әз Наурызды тойлады

nauryz16-1Төрт құбыламызды тең етер жылдың төрт мезгілінің төресі Әз Наурыз – тамырын тереңнен тартқан, береке мен татулықтың, тазалық пен ізгіліктің тұғырын нығайтатын, жаңашылдықтың, ізгіліктің белгісі. Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге Наурыз мейрамы барлық қазақстандықтар үшін жалпыхалықтық мерекеге айналды.

Ұлық мереке Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде де дәстүрлі түрде кең көлемде аталып өтті. Мерекелік көңіл-күй білім ордасының ауласына құрылған алтыбақан тебуге кезекке тұрған жастардың жүздерінен, аударыспақ, сақина салу, асық ойыны, қол күрес, тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойындарда өз бақтарын сынауға асыққан білім алушылардан байқадық.

Алғашқы боп мейрамды №2 жатақхананың тұрғындары тойлады. Ақ қанатты киіз үй тігіп, бар тағамымызды дастарханға үйіп-төккен жастар бұл күні құттықтай келген қонақтарды қарсылаудан шаршамады. Студенттер гір тасын көтерісіп, арқан тартысып кеш көрігін қыздырса, үлкендер жағы дастархан басында әуелетіп ән салып, өз өнерлерін ортаға салысты.

Ал №3 жатақхана бұл мерекені ерекшелеуге, оның мән-маңызын арттыруға бар күштерін салыпты. Зеленов ауданы Асан ауылындағы ат спорты түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшылығының қолдауымен әкелінген сәйгүліктер аударыспақ, теңге ілу, көкпар тарту сынды ойындарды тамашалауға мүмкіндік туғызды. Студенттеріміз арнайы жаттығудан өтіп дайындалмаса да өз шеберліктерін ортаға салып, жеңіс үшін әділ талас туғызды.

№1 Студенттер үйінде бұл күні домбыра күмбірі толастамады. Кешегі Сара мен Біржан, бүгінгі Балғынбек пен Айнұрдың айтысының жалғасы студенттер мекенінде әуеледі. Шабыттана, шарықтай салған әуендері, жастық әзіл, қағытпа сөздер мерекелік көңіл-күйді өз шыңына жеткізді. Бұл күні аяғын тапыл басқан бөбектің тұсауы кесіліп, жастар осы дәстүрдің қыр-сырына бойлады.

Университет ұжымы мен білім алушылар мерекені Достық даңғылы бойында ұйымдастырылған шарада да тойлады. Жағалай тігілген ауылдар қатарынан университетіміз жасақтаған «Байқоңыр» ауылы да сән-салтанатымен ерекше көзге түсті. Киіз үйдің ішінде кілем төселіп, ақ дастархан жайылып, дастархан басында оқу ордамыздың ардагерлері, ғалымдары, ұстаздары, қызметкерлері, студенттері, магистранттары, докторанттары, Ресейдің Астрахань облысынан келген қонақтар дәм татып, бір-біріне амандық тіледі. Университетіміздің бірінші проректоры, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Өтеген Байырғалиұлы Таубаев барша қауымды Наурыз мейрамымен құттықтаса, университет ардагері Әмірхан Әтенұлы Қарасаев бұл мейрамның мән-маңызына тоқталып, мағыналы әңгіме өрбітті. «Наурыздың ырыздығын тата берем, Жантайып, көпшік қойсаң жата берем. Халайық, қолыңды жай шын ниетпен, Ұлыстың Ұлы күні бата берем. Ұлыс оң болсын! Ырыс мол болсын. Қайда барсаң жол болсын. Төрт түлік ақты болсын! Халқым бақты болсын. Батамен ел көгерсін, жаңбырмен жер көгерсін» - деп а.ш.ғ.к Болатқали Тулебаев бата берді.

nauryz16-2nauryz16-3

nauryz16-4nauryz16-5

Вы здесь: Главная Магистрантам Университет ұжымы Әз Наурызды тойлады
Вы здесь: Главная Магистрантам Университет ұжымы Әз Наурызды тойлады