Уақыт талабына бейім Жолдау

joldau30-3Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауын Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің білім алушылары, професор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері аса ыждағаттықпен тыңдады. Әр сөзі терең мазмұнға және сындарлы сипатқа ие Елбасы Жолдауымен әр факультеттегі дәрісханаларда орнатылған үлкен мониторлар арқылы бір мезетте мың жарымға жуық адам таныс болды.

Елбасы Жолдауды алпауыт елдердің өзара санкциялары дүниені тығырыққа тіреген күрделі кезеңде бір атаның баласындай бірлік танытып, жұдырықтай жұмыла еңбек ету қажет деген үндеумен бастады.

Жолдаудың маңызды ерекшелігі - ол Президентіміздің әлемдік дағдарыс жағдайында көлденең шығуы мүмкін кедергілердің алдын алудың бес нақты бағытын айқындап бергендігі. Ертеңіне елеңдеген халықтың көңілін орнықтырып, дағдарыстың өткінші екендігін, онымен күресуге Қазақстанның қауқары жететіндігін және құрғақ уәде емес, нақты іс-қимылдар жасалатындығын баса айтқан мемлекет басшысы халқына зор сенім білдірді.

joldau30-1Бас-аяғы бір жарым сағаттың ішінде Елбасының назарынан ештеңе де тысқалмады. Елдің жаңа даму бағытын бағдарлап, сан-саланы қамтыған тың тапсырмаларды қамтыған Жолдау жұртшылықтың көңіл төріндегісін дөп басты.

Соның ішінде, жеткен жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін аса жауапты уақытта халықтың әл-ауқатын арттыру, аз қамтылған топтарды әлеуметтік қолдау, жұмыссыздықпен күрес, білім және денсаулық саласына қамқорлықтың толастамай, керісінше, күшейе түсетіні жүректерге сенім ұялатты.

Жолдауды үлкен ықыласпен тыңдаған білім алушылар мен профессор-оқытушылар жаңа жылдан бастап, студенттер шәкіртақысының 25 пайызға, ал білім саласы қызметкерлері жалақысының 29 пайызға көбейетіндігі туралы жаңалықты қуана қабыл алды. Жұмыспен қамту бағдарламасының екінші кезеңін жүзеге асыру мен техникалық бағыттағы жұмысшы мамандықтарға тегін оқыту бастамасы да жиналған жұртшылықты бір серпілтіп тастады.

joldau30-2«Сәт сайын құбылған аласапыранға сай амал табуымыз керек. Ең жақсы жоспар уақыт талабына бейімделген жоспар болып саналады. Біз де заманның бет алысына қарай, межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отыруымыз қажет. Біздің мақсатымыз - елі бақытты, жері гүлденген Отанымыз Қазақстанды Мәңгілік Ел ету», - деген Елбасының сөздерін студент-жастар қызу қуаттады.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ұжымы ауыл шаруашылығы және өнеркәсіпсаласына, әсіресе, отандық өнім өндірісіне қатысты, сонымен қатар, бәсекеге қабілетті маман даярлау бағытында Жолдау жүктеген міндеттердің жауапкершілігін сезінеді. Кемел келешектің кілті болып табылатын жастар болса, үздіксіз іздену және талмай талаптану арқылы Елбасы айтқандай білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға ұмтылуда.

Вы здесь: Главная Магистрантам Уақыт талабына бейім Жолдау
Вы здесь: Главная Магистрантам Уақыт талабына бейім Жолдау