Ашық келісім актісіне қосылды

korrupzia201115Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында белгіленген мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру үшін ынтымақтастық туралы Ашық келісім әзірлеген болатын. Қазіргі таңда қоғамда кеңінен талқыланып жатқан ашық келісім басты-басты тоғыз бағытты қамтыған. Солардың бірі жастар және жастар ұйымдарымен бірлескен жұмыс болса, енді бірі ғылыми, педагогикалық қызметкерлер және қоғамдық бірлестіктерді жұмылдыру.

18-қарашада ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі еліміздің барлық облыстарымен бейнебайланыс орнатып, «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда жастардың және жастар ұйымдарының, ғылыми және педагогикалық қызметкерлердің рөлі» тақырыбында диалог алаңын ұйымдастырды. Мәні зор жиынға Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры А.Ұ.Сұлтанов, Жастар комитетінің жетекшісі, «Заман» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Е.Өкшебаев, «Заңғар» газетінің бас редакторы Д.Ж.Альпейсова және университеттің бір топ студенті қатысып, белсенді атсалысты.

Жемқорлық – мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін – аса қауіпті індет. Ашық диалог алаңында баяндама жасап, пікір алмасқан қатысушылар сыбайлас жемқорлықпен күресте дамыған елдердің озық тәжірибесіне сүйене отырып, ең бастысы, қоғамдағы азаматтық жауапкершілікті арттырудың өзектілігін ортаға салды. «Сен тимесең, мен тимен» деген жайбасарлық әдеттен арылуымыз қажет. Жемқорлық пен парақорлық әрекет туралы хабардар болған әрбір адам бастамашылдық пен белсенділік танытып, құзырлы органдарға хабарлауы тиіс. Көп түкірсе, көл. Жұмыла күрескенде ғана, жемқорлыққа тосқауыл қойылады, - десті сөз алғандар. Шараны ұйымдастырушы агенттік өкілдері кесірі мол кеселмен күресте, әсіресе, жас буынның тың бастамалары кең қолдауға ие болатынын жеткізді. Жастармен қоян-қолтық жұмыс істейтін жастар бірлестіктерінің, сондай-ақ жоғары және арнаулы оқу орындары ұстаздары мен қызметкерлерінің ұсынысы да аса маңызды десті. Сондықтан, ынтымақтастық туралы Ашық келісімге қосылу туралы үндеу жолдап, бірлесе әрекет етуге шақырды. Бүгінгі таңда Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректораты бұл ұсынысты қуаттап, Ашық келісімге қосылу актісіне қол қойды. ЖОО-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған ұсынымдар әзірлеп, 2016-2018 жылдар аралығында атқарылатын іс-шаралар жоспарын жасақталады.

Вы здесь: Главная Магистрантам Ашық келісім актісіне қосылды
Вы здесь: Главная Магистрантам Ашық келісім актісіне қосылды