«Бірінші курс – 2015»

5-6 қарашада Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын тойлау аясында дәстүрлі «Бірінші курс – 2015» байқауы өтті. 

1-kurs-2015Университет табалдырығын биыл аттаған бірінші курс студенттерінің арасынан талантты жастарды анықтау және қолдау көрсету, мәдениетті, тәрбиелі болуға ұмтылдыру, отаншылдық рух пен патриоттық тәрбиені арттыру мақсатын көздеген бұл байқауға университеттің бес факультеті де үлкен даярлықпен келді.

Байқау шартына сәйкес, қатысушылар «Эстрадалық ән», «Заманауи ән», «Ұлттық би», «Заманауи би», «КТК сайысы», «Аспаптарда ойнау», «Көркемсөз оқу», «Режиссура», «Жүргізушілер», «Бейнеролик» аталымдары бойынша өзара сайысқа түсті.

Қазылар алқасының құрамында танымал өнер жұлдыздары - халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, әнші Марат Сарбөпеев, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының күйшісі, ҚР мәдениет саласының үздігі Асылхан Қазиев, Жайдарман жұлдызы, 2013 жылдың чемпиондары «Назар аудар» тобының ойыншысы Ғазиз Ерболат, хореограф Гульмира Жолдыбаева, режиссер Светлана Әбдіғалиева, БҚО Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының маманы Амандық Сатыбаевтар болды. Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Асхат Ерболатұлы Өкшебаев қазылар алқасына төрағалық етті.

Екі күнге созылған көркемөнерпаздар байқауының қорытындысында «Эстрадалық ән» номинациясы бойынша жүлделі бірінші орынды ветеринарлық медицина және биотехнология факультетінің жігіттерінен құрылып, қазақылығымен ерекшеленген «Алаш» квартеті «Батырлар ұраны» әнімен жеңіп алды. 2-орынды политехникалық факультетіиеленсе, «Самға қазақ» әнін нақышына келтіре орындаған экономика және бизнес факультетінің студентіЕрік Қазақбаев үшінші орынға ие болды. «Заманауи ән» аталымында бірінші орынды «Je Suis Malade» әнімен агрономия факультетінің «All dream»тобы жеңіп алса, екінші орынға машина жасау факультетінің студенті Назгүл Қамбарова лайық деп танылды. Ал әлемдік жұлдыз Бейонсенің әнін тамылжыта шырқаған экономика және бизнес факультетінің студенті Лейла Хасанғалиева 3-орынға тұрақтады. «Үздік бейнеролик» номинациясында бірінші жүлде барша аналарға экраннан перзенттіксәлем жолдаған агрономия факультетінің студенттерінде, екінші орын ветеринарлық медицина және биотехнология факультетінде, ал үшінші орын политехникалық факультетінде.

«Ұлттық би» аталымы бойынша 1-орын политехникалық факультетінің мың бұралған биші қыздарының еншісінде болса, екінші орынға агрономия факультетінің өнерлі студенттері лайық болды, ал үшінші жүлдені экономика және бизнес факультетінің бишілері иемденді.

Келесі «Заманауи би» номинациясында жастар ерекше белсенділігімен көзге түсті. Бұл аталымда да басты жүлдені политехникалық факультеті жеңіп алса, екінші және үшінші орындарданмашина жасау, сондай-ақ, ветеринарлық медицина және биотехнология факультеттері көрінді.

Бір әттеген-айы, биылғы жайдарманшылардың ойыны қазылар алқасының көңілінен шықпады. Елімізге танымал оралдық «Назар аудар» командасының белді ойыншысы Ғазиз Ерболат студенттерге әлі де көп іздену, еңбектену қажеттігін жеткізді. Дайындықсыз немесе плагиатпен шығып, көрерменнің жүрегінен орын алу мүмкін еместігін ескертті. Әйтсе де, қазылар алқасы командалардың талпыныстарын елеп, көңілдерін жықпай, бірінші орынды политехникалық факультетіне, екінші орынды экономика және бизнес факультетіне ұсынды.

«Аспапта ойнау» аталымында 1-орын политехникалық факультетке бұйырды, екінші жүлде ветеринарлық медицина және биотехнология факультеті студенттерінің еншісіне тиді. Ал үшінші орында агрономия факультетінің көркемөнерпаздары орнықты.

«Көркем сөз» номинациясына барлық бес факультет те асқан ыждағаттылықпен дайындалған екен. Көркем шығарманы мәнерлеп оқып қана қоймай, әсерлі, терең мағыналы көрініспен көмкерген студенттер актерлық қырларын да таныта білді. Қазақ халқының басына біткен небір ауыр зұлматтар мен тарихи қақтығыстардан шағын үзінділер келтіріп, ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік пен азаттықтың бізге оңайлықпен келмегенін тағы бір ұқтырғандай болды. Аталмыш номинацияда басты жүлде тағы да политехникалық факультетке бұйырды, екінші орында ветеринарлық медицина және биотехнология факультетінің өнерпаздары, ал үздік үштікті агрономия факультетінің студенттері тұйықтады.

Жүргізушілер арасында әсем дауысымен, келісті келбетімен, ырғақты жүріс-тұрысымен және жағымды дикциясымен ерекшеленген агрономия факультетінің студенттері үздік деп танылса, ветеринарлық медицина және биотехнология факультеті мен машина жасау факультетінің қыз-жігіттері тиісінше екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.

Екі күнге жалғасқан тартысты бәсекенің ең басты жүлдесін аталымдар бойынша ең көп ұпай жинаған политехникалық факультеті жеңіп алды. Аз уақыттың ішінде кең ауқымды тақырыпты толығымен аша білген және студенттердің жан-жақтылығын шебер көрсете білген агрономия факультетібайқаудың келесі басты жүлдесі «Үздік режиссура» аталымын жеңіп алды.

Дәстүрлі «Бірінші курс» байқауының 2015 жылғы жеңімпазы атанған политехникалық факультетіне Тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Ақылбек Ұзақбайұлы Сұлтанов ауыспалы қыранды салтанатты түрде табыс етті.

Студент-жастардың бойларында тұнып жатқан түрлі өнерді тамашалауға мүмкіндік берген «Бірінші курс-2015» байқауы жастар ісі жөніндегі комитеттің ұйымдастыруымен осылайша жоғары деңгейде өтті.

Вы здесь: Главная Магистрантам «Бірінші курс – 2015»
Вы здесь: Главная Магистрантам «Бірінші курс – 2015»