Қарияларға құрмет көрсетілді

karia231015-1Жыл сайын қазан айында әлем жұртшылығы Қарттар күнін және қайырымдылық айлығын атап өтеді. Бұл тамаша дәстүр ардагерлердің қоғам өмірін дамытуға қосқан мол үлесін айшықтаумен қатар, аға ұрпақ өкілдеріне қамқорлық танытудың тамаша көрінісі болып табылады. Әлбетте, қарияларға құрмет бір аймен шектелмейді, түрлі іс-шаралар жыл бойы жалғасады. Десек те, дәл осы қайырымдылық айында ардақты ардагерлерге деген құрметтің еселене түсетіні ақиқат.

Игі дәстүр Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде де лайықты жалғасын тапты. Университет қабырғасында түрлі жылдары жемісті еңбек етіп, кейін зейнетке шыққан ардагер-мамандарға барлық факультеттер мен кафедралар тарапынан құрмет көрсетілді.

Оған қоса университеттің ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен, «Нұр Отан» Партиясының «Жиһангер» бастауыш партия ұйымының төрағасы Нұржан Төлепов, «Заңғар» газетінің бас редакторы Динара Альпейсова, агрономия факультетінің аға зертханашысы Гүлзада Мақанова, бас бухгалтердің орынбасары Әлия Қуатовалар бір топ ардагер ұстаздардың үйлеріне арнайы барып, сәлемдесіп қайтты. Университет ректоры Нұрлан Хабиболлаұлы Серғалиевтің құттықтауын жеткізіп, әрқайсысына он мың теңгелік сыйақы табыстады.

Университет қабырғасында ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, болашақ маман даярлау ісіне сүбелі үлес қосумен қатар, өскелең ұрпаққа телегей теңіздей терең тәлім-тәрбие берген ұлағатты ұстаздар бұл күнде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Алғашқы үш ректордың хатшысы болып қызмет атқарған Вера Большакова қазір 97 жаста болса, Ұлы Отан соғысының ардагері, зооинженерлік факультетте табан аудармастан отыз жылдан астам еңбек еткен Александр Кирпичев 91 жаста, химия кафедрасында аға оқытушыдан бастап, кафедра меңгерушісі қызметіне дейін көтерілген Оразғали Қабиев 85 жаста, ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетінде ұзақ жыл ұстаздық еткен Қанзия Айтбаева 83 жаста, агрономия факультетінде еңбек жолы өрілген Лидия Бахирева мен Маргарита Тельновалар бүгінде 90 жасты еңсеріп тастаған. Кейінгі жас буын үшін ардагер ұстаздардың өмірлік тәжірисі мен ақыл-кеңестерінің орны қашан да бөлек.

Қазіргі таңда университетте түрлі жылдары қызмет атқарған 107 ардагер болса, олардың 22-сі әлі де сапта. Шәкірт тәрбиелеумен қатар, жас әріптестеріне бағыт-бағдар көрсету арқылы университетіміздің абырой-беделін асқақтатып жүр.

karia231015-2karia231015-3

Вы здесь: Главная Магистрантам Қарияларға құрмет көрсетілді
Вы здесь: Главная Магистрантам Қарияларға құрмет көрсетілді