Білім ордасындағы басқосу

Оқу ордамызға Алматы қаласынан «Қазақ газеттері» ЖШС өкілі, белгілі жазушы Серікқали Хасан ағамыз арнайы ат басын тіреді. Оқырмандармен жүздесу жиынында білім ордасының студенттерімен кездесті.

ana tili-1Жастар аудиториясымен арадағы байланысты нығайтуға бағытталған шарада сөз алған Серікқали ағамыз: «Қазақ газеттері» медиахолдингіне қарасты алты газет-журналымыз бар. Тәуелсіздік алған жылдары нарықтық жағдайға көшуге байланысты қазақ басылымдарының қиындықтарға ұшырағыны жасырын емес. Бұрын тек министрлікке қарасты әр басылым өз алдына бөлек шығып келген болса, қазір топтасып, медиахолдинг болды. Кезінде Мереке Құлкенов, Бауыржан Омаров сынды белгілі азаматтар басқарса, қазіргі уақытта үлкен орталыққа белгілі публицист Жұмаділ Кенжалин басшылық етеді. «Қазақ газеттерінің» дүниеге келгеніне 15 жылдай болды. Ол – Елбасы жарлығымен дүниеге келген, қазақ ақпарат кеңістігіндегі үлкен ақпараттық алыптардың бірі. Біздің холдингімізге қарасты журналдың бірі - «Ақиқат». Зиялылармен, ғылыми ортамен керемет байланысы бар. Бұл журналдың 4-5 жыл бұрын 90-жылдығын атап өттік. 1921 жылы Жайықтың жоғары жағындағы Орынбарда жарық көрді. Содан бері еш тоқтаусыз жарық көріп келеді. Әрине, замана өзгерісіне байланысты түрлі атаулармен шығып тұрды. Бұл журналдың ғалымдармен тығыз байланысы бар дейтін себебім тәуелсіздік алған кезеңде архивтерге жол ашылды. Совет дәуірінде елімізге, халқымыздың өміріне байланысты айтылмаған дүниелер жарыққа шықты. Сол кезде ғалымдарымыз жақсы еңбектенді. Академик, ғалым Ғарифолла Есім, Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, Тұрсын Жұртбай сынды тарихшылар редакциямызда қызмет етті. Ғылыми жағынан келгенде журналымыздың сіздерге тікелей қатысы бар. Алдағы уақытта ғылыми мақалаларыңды, жоба-жұмыстарыңызды жолдай аласыздар. «Мысль» деген журналымыз да кезінде Орынбордан жарық көрген, бүгінде 90 жылдығын атап өткен басылымды саясаттанушы Сейдахмет Құтқадам деген ағамыз басқарады.

ana tili-2«Ана тілі» газеті елдік намысты ту еткен, қазақ журналистикасының ұстаханасына айналған, ел мүддесін бірінші орынға қоятын, мемлекеттік тілдің мәртебесін жоғарылатуға, оның қолданыс аясының кеңеюіне үлкен жұмыс атқарды. Алғашқы мақсаты сол болатын. Әбдуали Хайдаров, Өмірзақ Айтбаев сынды ғалымдарымыз газетіміздің аяқтануына көп еңбек сіңірді. Газетіміз «Ана тілі» деп аталғанымен басылымның қамтымайтын саласы жоқ. Газетіміз жастарды назардан тыс қалған емес. Арнаулы бетте жастар шығармашылығы, олардың көзқарасы, ойтолғаулары орналастырылып отырады. Сіздерді де атсалысуға шақырамын.

«Экономика» газеті – елімізде экономика бағытында шыққан тұңғыш газет. Дүниеге келгеніне де 5-6 жыл болса да өз оқырманы қалыптасып үлгерді. Көпшіліктің сүйіп оқитын басылымына айнала білді. Ғылыми ортамен байланысы жақсы жолға қойылған. Араларыңызда экономика мамандығында оқып жатқан студенттер болса, «Экономиканы» төл газеттерің деуге толық негіз бар. Әсіресе, аймақтардан келген ізденістер басты назарда. Батыс өңірі туған жерім болғандықтан, газетті ашып, елде не боп жатыр екен деп материалдарды іздеп оқимыз. Университет ғалымдарының жетістігімен де осы газет арқылы жақсы таныспыз.

ana tili-3«Үркер» журналы – жастардың әдеби-танымдық басылымы. Жастар шығармашылығын, алғашқы тырнақалды туындыларын көпшілік назарын ұсына отырып, бұлақ көзін ашу. Түрлі бәйгелері жалынды жастарды шыңдап, жетістікке жетелеп отырады. Жазушы немесе ақын болу үшін филология факультетінде оқудың қажеті жоқ. Өздеріңіз білесіздер, Шыңғыс Айтматов – ауыл шаруашылығы техникумын бітірді. Қырғыздың кішкентай ғана ауылынан техникум бітіріп, маман болсам деген үлкен үмітпен келген бозбаладан танымал жазушы шығады деп кім ойлаған?! Олжас Сүлейменов – геолог, Ілияс Есенберлин де техникалық білім алған» - деп сөзін түйіндеді.

Шара барысында философ, ғалым Тілекжан Рысқалиев: «Жаңа дәуірде біз дүниені жаңаша бағалаймыз. Тек қана маман болу бір бөлек, оны сөйлету бір басқа дүние. Жан-жақты адам болып қалыптасу үшін қосымша ақпарат ешқашан артық етпейді. Сауатты болу, шешен болу – заман талабы. Интернеттегі дүние шала, бетіндегі қалқып жатқанын ғана ала аласың. Ал бар тең білім кітап пен газет-журналда. Соны түсінетін кез жетті» - деп жастарға үндеу тастады.  

«Біз «Қазақ газеттерімен» тығыз байланыстамыз. Тіпті «Ана тілі» газеті шыққан кезден бастап жаздырып алып жүрміз. Кітап көрмелерімізде олар әркез орын алады. Мерзімді басылымдар көрмесінде әр газеттің жаңа саны қойылып отырады, дүрбелең дүниеде болып жатқан бар жаңалықты жастар назарына дер кезінде ұсынуға тырысамыз. Алдағы уақытта та бұл байланысымыз беки түседі деген ниеттеміз» - деді ғылыми кітапхана директоры Айгүл Базарқызы.

Вы здесь: Главная Магистрантам «Қазақ газеттері» ЖШС
Вы здесь: Главная Магистрантам «Қазақ газеттері» ЖШС