«MADE IN KAZAKHSTAN»

montaev-201015-1Дәл осындай көк сары бояумен көмкерілген өнім маркасын дүкен сөрелерінен, сауда орындарынан көре қалсақ, ойымызды ең алғаш мақтаныш сезімі тербейтіні анық. Бірақ өз өніміміз бен шетелдік тауарды таразы басына салып таразылайтындар да жоқ емес. «Бағасының алшақтығы мен сапасының күмәндігі..» деп күмілжитіндер аз емес. Қаржының Қазақстан қамбасын емес, өзгенің бүйрегін бұлтитатын ойымызға кіріп те шықпайды... Айтпағым ол емес еді. Сауда орындарынан ғылым саласына ауыссақ.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: “Не­ше түрлі ғылым, өнер – бәрі де тірші­лік­тің ауырлығын азайту үшін, рахатын молайту үшін шығарған нәрселер. Ғылым, өнер артылған сайын дүниеде бейнет кемімекші. Осыған ақылы жетіп, есі енген жұрттар ғылым мен өнерді бірден-бірге асыруға тырысады”- деген керемет сөзі бар. Ғылымы мықты елдің қашанда өресі биік. Іргелі ғылымы дамыған елдердің іргесі шай­қалмайтыны тағы белгілі.Қазақ ғылымының керегесін кеңейту үшін, дүниеде бейнетімізді кеміту үшін еңбек етіп жүрген Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғалымы, техника ғылымдарының докторы, профессор, университет жанынан құрылған Ин­жиниринг және ресурстарды үнемдеу ҒЗИ-дың директоры, ҚР Ұлттық инженерлік академияның корреспондент-мүшесі Сәрсен­бек Монтаевпен сұқбаттасқан едік.

montaev-201015-2- Табиғат ресурстарын үнемдеу мен өңдеу, оны мақсатты пайдалануға негізделген ғылыми жобаларыңыз бүгінде еліміз ғана емес, шетел ғалымдарының да қызығушылығын тудыруда. Осы төңірегінде әңгіме өрбітсеңіз

- Таза технологиялар мен энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Таусылмайтын байлықтың жоқ екенін сезген алыс-жақын көршілеріміз табиғат ресурстарын үнемдеу, ысырап қылмау үшін технологияларын жасап, оларды нарыққа енгізуде. 2017 жылы бас қаламызда өтетін халықаралық көрменің «Болашақтың энергиясы» атты тақырыбы да осы мәселеге бағытталған. Еліміз бойынша шикізаттарды тиімді өңдеу мақсатында энернгиялық тиімді технологиялар жасалынып жатыр. Тиімді энергиялық технология жасау жасыл экономика көшудің шешуші факторы болып есептелінеді. Соған байланысты елімізде «Энергияны үнемдеу туралы» заң, үкіметтің энергиялық тиімді үйлер мен ғимараттарды жобалау және олардың құрылысы туралы іс-шаралары, бағдарламалары қабылданды. Өйткені энергия көздерінің тапшылығы жыл өткен сайын сезілуде. Көптеген тұрғын үйлеріміз 30-40, тіпті 50 жыл бұрын салынған. Олардың жылу сақтау деңгейлері төмендеген. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін жылу сақтағыш материалдарды өз елімізде өңдіріп, пайдалану бүгінгі күні кезек күттірмейтін мәселе. Біздің ғылыми зерттеу институтының негізгі бағыттарының бірі де – осы. Елбасымыз XXI ғасырдағы жаһандық диалогтың жаңа құралы – G-GLOBAL бастамасын әлемдік алпауыт елдердің назарына ұсынғаны белгілі.Осы мемлекеттердің өзін алаңдатқан қаржылық дағдарыс кезінде жаңа, баламалы энергияны көздерін тиімді қолдану, мұнай-газ саласындағы ресурстарды ысырапсыз пайдалану, қалдықтарды өңдеу өзекті.

montaev-201015-3Қазіргі таңда шикізаттарды көп қолданатын сала – құрылыс. Мысалы, цемент, извест, керамикалық кірпіш өндірісі болсын, метал-құрылыс объектілеріне байланысты басқа да құрылыс материалдары болсын үнемділікке баса назар аударған жөн. Осы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында біздер бірнеше ғылыми жобаларды қолға алдық. Бірінші, жылу сақтағыш материал, көбікті шыны деп аталады. Қазіргі жылу сақтағыш материалдарының ішінде жетекші рөлге ие. Бұл салада көш бастап тұрған - АҚШ. Фом Клас атты үлкен фирма өз елін ғана емес, көршілес мемлекеттерді де осы материалмен қамтамасыз етіп отыр. Тиімділігі-жанбайды, жылу сақтағыш қасиеті өте жоғары және ұзақ мерзімге шыдайды, экологиялық тиімділігі өз алдына бөлек әңгіме. Су сіңірмейді, аязға төзімді. Қазіргі таңда бүкіл әлемде шыны қалдықтарын өңдеу үлкен проблемаға айналуда. Ал өз елімізде де бұл саланың кешеуілдеп тұрғаны жасырын емес. Біз осыны алғаш қолға алдық. Сәйкесінше инновациялық патенттедік. Осы еңбегімізмен бізді таныды, елімізде өтетін әртүрлі шараларға, шетелдердегі түрлі көрмелерге осы өнімімізбен шақыртып жүр. Абу-Даби, Непал, Ригада болдық. Өнімдеріміздің шын мәнінде тиімді екеніне көздерін жеткізді. Ал бұл болашақта инвестор тартудың ең басты жолы деп білеміз. Алғаш «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ-ның, кейін «CRDF Global» азаматтық зерттеулер және дамытудың америкалық қорының конкурсына түсіп грант ұтқан болатынбыз. Қос конкурста да жобамызға шетелдік сарапшылар жоғары баға берді. Соның нәтижесінде біздер мемлекеттік грантқа қол жеткіздік. Бұл біздің тағы бір жеңісіміз. Осы грант аясында біздер қондырғылар алып, өнімді өзіміздің университет жанынан шығаратын боламыз. Алдағы жылдары біздер көбікті шыныны блок күйінде шығарып, көрсететін боламыз. Кішігірім құрылыс объектілерге бұларды пайдалана беруге әбден болады. Алла қаласа осы өніммен ЭКСПО көрмесіне қатысамыз деген ойдамыз.

-   Құрылыс саласында қиыршық тастың өзектілігі күн санап артуда. Табиғи тастан жасанды тас алуда да сіздер ғылыми жаңалық ашқан болатынсыздар.

- ЭКСПО көрмесіне қатысатын екінші жобамыз бар. Ол жеңіл, әрі берік, жылу сақтағыш қиыршық тас технологиясын жасадық. Қазақстан бойынша тау жыныстары біркелкі орналаспаған. Қиыршық тас зауытының ең жақыны Ақтөбе облысындағы Мұғалжар ауданында. Арамызда 600 шақырым жер жатыр. Ал облысымызға қиыршық тасты тек осы зауыттан таситыны тағы белгілі. Әрі жағымыздағы Атырау облысында да қиыршық тастың өзектілігі екі есе артуда. Яғни, өнімге жол шығынын тағы қосыңыз. Бұл кез-келген кәсіпкердің қалтасын қағатыны шындық. Қиыршық тас өндіру проблемасы тек елімізде ғана емес, Қытайда, Австралияда өзекті. Біз осы проблеманың шешу жолын таптық. Қала іргесінде орналасқан Тасқала ауданы аумағындағы кремнийлі шикізат опока бар. Сол опокадан технологиялық шешімдер тауып, біздер әрі жеңіл, әрі берік, әрі жылу сақтағыш қиыршық тастың технологиясын ойлап таптық. Нәтижесі де жаман емес. Алғаш біздер ҚР Білім және ғылым министрлігінің грантын жеңіп алдық. Бұны біз 2012-2014 жылы жүзеге асырған болатынбыз.Лабораториялық зерттеулерден өткізіп, өндірістік прототип жасадық. Табиға қиыршықтан айырмашылығы жеңілдігі мен беріктігі және жылы сақтағыштығы, әрі қолдану аясы да кеңіп отыр. Тек бетон мен жол құрылысында емес, жылу сақтағыш құрылыс материалы ретінде де қолдануға болатынын дәлелдедік. ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы «Технологияларды коммерцияландыру орталығы» ЖШС үнемі инновациялық жобалар конкурсын өткізіп тұрады. Шетелдік сарапшылардың сүзгісінен өткендерге қолдау гранты бөлінеді. Аталмыш орталық жобаны қолдап, жасанды қиыршық тасты өндіру технологияларының тәжірибелік-өнеркәсіптік сынауы үшін 45,5 млн. теңге грант бөлген болатын. Өткен айда сүйінші хабар кеп жетті. ЭКСПО көрмесіне қатысуға ниет білдірген 400-ден астам өтінімдердің ішінде біздің жобамыз 50 үздік жоба қатарына енді. Бұл дегеніміз - ғалымдар жеңісі, бұл университет жеңісі.

montaev-201015-4- Жыл сайын өткізілетін «Жылдың сапалы инновациялары» халықаралық конкурсының ұлттық іріктеу туры болып саналатын «Сапалы инновациялар 2015» конкурсы қорытындыланды. Сіздердің жобаларыңыз тағы да үздіктер қатарында. Жоба туралы әңгімелеп берсеңіз     

- Біздің жаңа бағыттарымыздың бірі – су ресурсының тапшылығына байланысты болып отыр. Су - байлықтың көзі. Ол табиғат сыйы болғандықтан, біз оны сарқылмастай көреміз. Осы байлығымызды үнемдеуге бағытталған жобаға біз грант ұтып алдық. Бұл грант университеттің халықаралық байланысының нәтижесінде қол жеткізілді. Біздер Ресей Федерациясының Тамбов мемлекеттік техникалық университетінің ғалымдарымен тығыз қарым-қатынастамыз. Ғалымдармен біріге отырып, опокадан отандық сарбенттердің технологиясын жасауды қолға алдық. Жобамыз ішетін және өндірістік суларды тазартуға арналған. Біздер оны лабораториялық түрде жасап, тексеріп көрдік. Бірінші оны өзіміздің аквакешенінде тәжірибе жасадық. Өздеріңіз білетіндей үлкен кешеннің суын әрдайым тазартып тұру керек. Шабақтар мен бекіре өсіріп жатырған жерге керамикалық биофилтр ретінде қолдандық. Біз бұған дейін биофильтрді шетелден сатып алып келдік. Ал өзіміздің биофильтрге балықтарымыз «реакциясы» тәп-тәуір. Шетелдік фильтрмен салыстарғанда өз өніміміз баға жағынан ғана емес, судың тазалығы жағынан да айырмашылық болмақ. Бұрынғы фильтрмен суды екі аптада бір рет тазартатын болсақ, енді біздің фильтрмен бір айда бір рет ауыстыруға болады. Тазалықты ұзақ сақтайды. Лас элементтерді сорып алу процесі жақсы жүреді. Алдағы жоспарымызда қондырғы жасап, суды көп пайдаланатын мекемелерге ұсыну. Атап айтар болсақ, автожуу, кір жуу кешендері, үлкен зауыттар. Өзіңіз ойлап көріңіз. Күніге қанша литр су далаға кетуде. Соны тазартып, қайта пайдаланса, кәсіпкерге де пайда, елімізге екі есе пайда болмақ. Еуропада, басқа да мемлекеттерде су тапшылығы сезілуде. Әсіресе, тұщы су. Еліміз бойынша опокамен айналысып жатқан жалғыз біздің университет ғалымдары. Біз мұны мақтанышпен айта аламыз.

Ғалым сөзіне көз жеткізу үшін соңғы кездері қаламызда жарнамаларымен телефон шалып тыным бермейтін құбыр суын тазартатын фильтрді орнатқан қала тұрғынымен кездесіп, сөйлестік. Екі балдырғанының денсаулығына алаңдаған жас ана фильтрді анау-мынау емес 200 мың теңгеге сатып алып орнатқан. Тексерткен, «ішіп отырғаныңыз су емес, у» - деп түңілткен соң, қондырдым деп сөзін түйіндеді. Оның сертификаты бар ма, тазарту тәсілі қандай... әрине шетелдік өнім болған соң, оның бәрі бізге құпия, құпия болып қала бермек.

«Тарта жесең тай қалады...» деген халқымыздың даналығы бар. Расымен, үнемділікті үйрететін даналық бүгінгі күні де өзекті. Ел байлығын ысырапсыз қолдануға негізгелген ғалымдарымыздың қолға алған жобалары керемет. Бастысы - отандық өнім!

Айнұр Базарова

Вы здесь: Главная Магистрантам «MADE IN KAZAKHSTAN»
Вы здесь: Главная Магистрантам «MADE IN KAZAKHSTAN»