Түсінік жұмыстары жүргізілді

Күні кеше ғана университетіміздің акт залында түрлі сала мамандарының І курс студенттерімен кездесуі өтті.

tartip110915-1Жыл сайын жаңа құраммен толығып отыратын оқу ордамыздан биыл оңтүстік өңірлерден білім іздеп келген жастарды көптеп таба аласыз. Елбасымыздың қолдауымен осымен екінші жыл жүзеге асып отырған «Серпін» бағдарламасы арман қуған жастардың қанатын қақты, сенімін серпілтті.

Шара шымылдығын ашқан тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Ақылбек Сұлтанов студенттерді жаңа оқу жылының басталуымен тағы да құттықтап: «Сіздер оқу ордамыздың, яғни үлкен жанұяның мүшесіне айналдыңыздар. Әр отбасының ұстанатын өз қағидасы болатыны іспетті, университеттің де ішкі тәртіп ережелері бар. Студенттер университет аумағында ғана емес қала орталықтарында, қоғамдық орындарда белгілі бір тәртіп ережеге бағынуы тиіс» - дей келе, БҚО Ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Дамир Арыстаналиевке сөз кезегін берді.

«Тамырын тереңнен тартқан осынау қара шаңырақта білім алу – екенің біріне бұйыра бермейтін бақ» - деп сөзін бастаған полиция қызметкері облыс бойынша соңғы 8 айда жастардың қатысуымен орын алған қылмыс статистикасына тоқталып өтті. Келтірген деректерге қарап отырсақ, бір өкініштісі шылым шегу, спирттік өнімдерді қолдану, зорлық-зомбылық жасау, бір-бірін қорқытып-үркіту, бір-бірін қорлау, мүлкін ұрлау, қарақшылық, адам өлімі секілді қылмыстың тең жартысы жастардың қолымен жасалады екен. «Тағы бір ескере кететін жайт, соңғы кездері жастар арасында насыбай ату белең алуда. Қызығушылықтан басталған нәрсе артынан денсаулыққа ұшан-теңіз зиян әкелетінін білмейді. Білсе де соны тастауға жігері жетпейді. Бәріңізге интернет қолжетімді. Гуглге теріп, оның зияндылығы туралы оқып көріңіздерші. Насыбайдың құрамында нитрозамин мен ауыр металдар жеткілікті. Мұның себебі, насыбай құрамының санитарлық нормасы мүлде сақталмаған. Сондықтан мұндағы улы заттардың адам ағзасына тигізетін зияны шаш етектен. Насыбайдың басты зияны сол, оны қолданған адам онкологиялық ауруға шалдығады. Бағасы қолжетімді, әрі кез келген жерден табуға болатын затқа Үкімет қаулысымен тыйым салынған. Осы естеріңізде жүрсе екен» - деді Дамир Талапұлы.

tartip110915-2Университет аумағында №22 аумақтық полиция пункті орналасқаны белгілі. Жиын барысында сөз алған Зашаған кентінің учаскелік полициясы Мағжан Хайруллин: «Әдепсіз қылықтар мен сөздер, басқаның немесе ЖОО-ның жеке мүлкін қасақана бұзу, бопсалау, агрессиялық қылық жасау біздің студенттерге тән қылық емес. Әкімшілік құқық бұзғанда, атап айтар болсам, қоғамдық орында шылым шеккен жағдайда алғашқы рет ұсталып отырсаңыз 6000 теңге көлемінде, егер бұл қылық қайталанар болса 12000 теңге айыппұл салынады. Ал ұсақ бұзақылыққа салынар айыппұл 19000 теңге және одан жоғары. Университет аумағында арнайы бейне-камералар орналастырылған. Бұлар 24 сағат бойы жұмыс істейді. Бұлар сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін және алаңсыз білім алуымыз үшін жасалынып отыр» - деп сөзін түйіндеді.

Қауіпсіздік және тәртіп сақтау бөлім жетекшісінің орынбасары Талғат Баянтасов: «Ата-аналарыңыз сіздерді оқу оқып, білімді азамат болады, елге қызмет етеді деп бар тапқан-таянғанын сіздерге тосып отыр. Сол үмітті ақтап, тек оларды қуантып жүре беріңіздер» - деп жиынды бекітті.

Вы здесь: Главная Магистрантам Түсінік жұмыстары жүргізілді
Вы здесь: Главная Магистрантам Түсінік жұмыстары жүргізілді