Қазақстан тарихының өзекті мәселелері

qasaqЖәңгір хан атындағы Батыс Қазақтан аграрлық-техникалық университетінің мәжіліс залында Орал қаласы әкімдігінің, білім ордамыздың, Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының және «Ақжол» ғылым және білім қорының ұйымдастыруымен «Қазақстан тарихының өзекті мәселелері» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Бұл келелі кездесу – оқу ордамызда ұйымдастырылып отырған Қазақ хандығының 550 жылдығына және Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына арналған іс-шаралардың бірі. Басқосуға көршілес Ресей Федерациясының Мәскеу және Самара қалаларының және Алматы мен Ақтөбе жетекші ғылыми орталықтарынан, өңірлік жоғары оқу орындардан ғалымдар қатысты. Алғаш сөз кезегін алған университет ректоры Н.Х.Серғалиев: «Күні кеше ғана Сіз бен Біз Жәңгір хан негізін салған хан ордасындағы мәдени шаралардың куәгері болдық. Осы орайда, шараға қатысып отырған белгілі ға­лымдар Қазақ хандығының 550 жылдығында өз зерттеулерін студенттерге жеткізеді деген сенімдемін. Бұл, ең алдымен, барша қазақстандықтарға, әсіресе жастар аудиториясына аса қажет» - дей келе конференция жұмысына сәттілік тіледі.

«Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық дөңгелек үстелдің Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде өткізілуі өте орынды деп есептеймін.

Күні кешеге дейін біз Жәңгір хан мен Махамбетті біріне бірін қарсы қойып келдік. Махамбетті дәріптедік, ал Жәңгір ханды сынаумен болдық. Заман өзгерді. Біздің хандарымызға, билерімізге деген көзқарасымыз да өзгерді.

Қазір біз Жәңгір ханды кіналаудан гөрі оның тарихи еңбегін, ел билеу ісіндегі жаңашылдығын, ағартушылығын, халқын жайлы, мәдениетті тұрмысқа жеткізбек болған әрекетін баса көрсетіп жатырмыз. Біздің университетімізге үкімет тарапынан Жәңгір ханның есімі берілуі тарихқа деген жаңа көзқарастың көрінісі.

Махамбет, сөз жоқ, - тарихи тұлға: арқалы ақын, жез таңдай шешен, жұртты соңына ерткен көсем, әрі батыр. Сол сияқты Жәңгір хан да – тарихи тұлға. Мұндай дара тұлғалардың ойлары да, мүдделері де сәйкес келе бермейді. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дейді қазақ. Сол сияқты Махамбет пен Жәңгір ханға олар өмір сүрген орта да, заман да тарлық етті. Сөйтіп, тағдыр екеуін бір-біріне қарсы қойды. Философиялық тұрғыдан қарама-қарсы құбылыстар бірін-бірі жоққа шығарады, сонымен бірге бірін бірі керек қылып тұрады, бірін бірі анықтайды. Жәңгір хан мен Махамбет те қазақ тарихында қатар тұратын, бірінің атын бірі шығарған кесек тұлғалар» - деді басқосуда сөз алған профессор Тілекжан Рысқалиев.

Сонымен қатар еліміздің танымал тарихшысы Ирина Ерофеева әріптестерімен 17 жыл бойы тырнақтап жиған еңбегі туралы, атап айтар болсақ, қазақ тарихындағы хандардың жазған хаттары туралы қызықты мәліметтер ұсынды. Таяуда тарихшы 1675-1821 жылдары ел басқарған хандардың эпистолярлық мұрасы туралы 2 томдық жинақты жарыққа шығарған. Құжаттардың көпшілігі баспаға бірінші рет ұсынылып отыр.

Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры, т.ғ.д Рахим Бекназаров Әйтеке би ауданында орналасқан Әбілхайыр ханның бейітін зерттеу жұмыстары жөнінде баяндама жасады.

Тарихи тұлғаның ұлттық тарихтағы рөлі, қазақ хандығының қалыптасуындағы Батыс Қазақстан аймағының орны мен маңызы туралы талқыланған тақырыптар өткенімізді танып-білуге, оны құрметтеуге барша қазақстандықтарға, әсіресе жастар аудиториясына аса қажет.

Вы здесь: Главная Магистрантам Халықаралық дөңгелек үстел
Вы здесь: Главная Магистрантам Халықаралық дөңгелек үстел