zhangir-khan1

Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық мұражай

Н.Ж.Төлепов, мұражай меңгерушісі

«Тәрбиесіз  берілген  білім - адамзаттың  қас  жауы»

Әл -Фараби

muzey galereyСтудент жастарды әлеуметтендіру және қазақстандық отаншылдық рухта тәрбиелеуді ең басты мақсаты етіп ұстанған Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры, профессор Қ.Қ.Бозымовтың бастамасымен 2003 жылы университет тарихы мұражайын құру идеясы қолға алынды. Сол жылдың 1 ақпанында мен мұражай меңгерушісі болып тағайындалдым. Жаңа мұражайдың экспозициясын құру университеттің ардагер ұстаздардың кеңесінсіз мүмкін емес еді. Ветеринария саласының мамандарын даярлауда ұзақ жылдар талмай еңбек еткен Ә.Ә.Қарасаев, А.Д.Дәрібаев, Б.Б.Траисов, Г.Қ.Молдашев т.б. сынды профессорлар мұражайдың іргетасын қаласты. Олар берген материалдармен қатар университеттің Ғылыми кітапханасының сол кезеңдегі директоры Р.Ж.Исатаева кітапхана қорында көздің қарашығындай сақтап келген жәдігерлерді мұражайға табыс етті. Көрмелердің сұлбасы және мұражай залына сәйкес келетін нақты өлшемдер мен пайдаланылатын материалдар жөніндегі өз ісінің шебері, университеттің суретші-безендірушісі Н.Қалиевтің  ұсынысы көнілге қонымды болды.  

Сөйтіп, 2003 жылдың 11 қазан күні университеттің 40 жылдық мерейтойында Жәңгір хан ескерткіші ашылып, университет тарихы мұражайының тұсауы кесілді. Алғашқы көрермен ретінде мұражайға университет ректоры, профессор Қ.Қ.Бозымовпен бірге БҚО әкімі Қ.Е.Көшербаев, ҚР Мәжіліс Парламентінің депутаты В.В.Киянский, қырық жыл бұрын БҚАШИ құру жөніндегі комиссия төрағасы болған соғыс және еңбек ардагері, БҚО әкімінің кеңесшісі Б.Жұмағалиев және БҚМУ ректоры, профессор Т.З.Рысбеков болды.

  Қазақ халқының мәдени мұраларын насихаттау, сақтау және зерделеудің тұтастай жүйесін жасау, сайып келгенде, 2003 ж. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында ұсынған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын қолдау жолдары ойластырылып, жүзеге асырыла бастады. Осылайша, алғашқыда университет көлемінде жасақталған мұражайдың аясы кеңейіп, 2004 жылдың 1-ші наурызында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бөлімшесіне айналды. Осы күннен бастап мұражай қорындағы барлық жәдігерлер мемлекет қамқорлығына алынып, сақталу кепілдігіне ие болса, қосымша штаттардың бөлінуі арқылы дамуға жол ашылды деуге толық негіз бар.

 Әрине, барлық мәселе бір күнде шешімін таппағанмен, бірте-бірте қолдау тауып, университеттің 45 жылдығы қарсаңында университет тарихын бейнелеген мұражай қайта түлеп, үш залының ауданы 327 шаршы метрге жеткен музей көрермендерін енді Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық мұражай ретінде қарсылай бастады. Жаңа экспозициясының ғылыми тұжырымдамасының мақсаты мен міндеттеріне:   

- Жәңгір ханның бейнесін мемлекеттік қайраткер, реформатор және ХІХ ғасырдың ағартушысы ретінде әдістемелік және ғылыми негізде қалыптастыру; 

- Қазақ халқының көпғасырлық мәдениетін, тұрмысы мен дәстүрін мемлекеттік тілді насихаттау арқылы шынайы ашу;

- Инвестиция, маман және талапкерлерді тарту мақсатында университет имиджінқалыптастыру енгізілді.   

Жәңгір хан залында 2004-2008 жылдары Қазан, Орынбор, Саратов, Санкт-Петербург  және Мәскеу қалаларындағы кітапханалар мен мұрағаттардан табылған құжаттарда оның табанды және жемісті қызметі көрсетілген. Саясаткер, дипломат, меценат және ғылымды дамытуға үлес қосқан, бірнеше тіл білген азамат ретінде Жәңгір ханның бар мақсаты қазақ халқын өркендету, дамыту болды. Оның ақылы мен кең дүниетанымы және табандылығы көптеген белгілі Ресей және Европа зиялыларымен қызметтік және ғылыми байланыс орнатуға мүмкіндік жасады.

Жәңгір хан көріпкелдігі арқасында көшпелі мәдениеттің дағдарысын түсініп, Бөкей хандығының ішкі саясатына шешімді шаралар мен реформалар енгізді. 1827 жылы ол Хан Ордасындағы құрылысты аяқтап, отырықшылықтың үлгісін көрсетеді. Нарын кұм төріндегі астана - Хан  Ордасы ірі, сауда, өндірістік, білім және көпұлтты әкімшілік орталығына айналды. Қоғамды урбанизациялау мен кәсіби ағарту, тауарлы-қаржылық қарым-қатынасты дамытумен қатар орын алған өзге де өзгерістер оған жалпы саяси тұрақтылыққа қол жеткізуге және халықтың тұрмыс деңгейін жоғарылатуға мүмкіндік берді. Жәңгір хан мектебінің (1841ж.) түлектері өлкеміздің және Қазақстанның белді қайраткерлеріне, Алаш қозғалысы мен Алаш Орда автономиясының беделді мүшелеріне, Ресей мемлекеттік Думасының депутаттарына, ағартушы және ғалымдарға айналды. Олар «Қазақстан» газетін шығарып, бұл сөзді қазақ лексиконына алғаш рет енгізді.  

Оның күшімен қазақтың жаңа заңнамасының жинағы дайындалды. Жәңгір хан демеушілігі арқасында Қазан университетінің баспаханасында шариғаттың нұсқасы – «Мұқтасар» кітабының 4568 данасы жарық қөрді.Бұл ретте айтарым, Жәңгір ханның Қазан университетімен байланысы және еліміздің игілігіне бағытталған ағарту жолындағы істері, өзі өмір сүрген кездің өзінде-ақ жоғары бағаланып, оның өзі Қазан университетінің Құрметті мүшесі болып сайланды. Араға 168 жыл салып Қазан университетінің Николай Иванович Лобачевский атындағы Ғылыми кітапханасы қабырғасына Жәңгір ханның мемориалдық тақтасы орнатылды. Салтанатты шараға БҚО делегациясын бастап барған облыс әкімі Н.А.Ноғаев және Ресей Федерациясындағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Ғалым Оразбақов, университеттің президенті М.Х.Салаховтар мемориалдық тақтаны бірге ашқан болатын. Бұның өзі барлық жаңаны жинай жүріп, оны ағарту ісі мен имандылыққа тәрбиелеу арнасына бағыттап, қазақ халқының этникалық ерекшеліктері мен ділін сақтай білген Жәңгір ханның игі істеріне тәуелсіз Қазақстан ұрпағының атынан берілген биік баға деп түсінемін. Өзгеөркениетке енуі және жаһандану қажет еткен өмірдің жаңа талаптарын үйрену бағытында Жәңгір ханның өзінен қажеттінің бәрін жасай келе, қазақтардың дәстүрі мен мәдениетін сақтап қалғанын, халықаралық қарым қатынастарды және халықтар арасындағы достастықты биік деңгейге көтергенін бүгінде Татарстан Республикасының билігі мен ғылыми және рухани ортасы да қастерлеп отыр.

Мемлекет қайраткері, реформатор, ағартушы Жәңгір ханның өзі қазақ жеріндегі тұңғыш мұражайдың негізін қалаған еді. Ханның 1827-1828 жылдары Хан Ордасында ашқан мұражайы Қару-жарақ Палатасы деп аталды. Атауы айтып тұрғандай, мұражайдың басты жәдігерлері көшпелі қазақтар өміріндегі маңызды заттардың бірі боп табылатын, отбасылық мұра болып саналатын, ұрпақтан - ұрпаққа беріліп отыратын, қолдануына қарай бес түрге бөлініп, «Бес қару» деген атауға ие болған қару-жарақтар еді. Ол тұрмыста қолданылатын зат болса да, сонымен қатар қайсарлық пен батырлықтың символы атанды. Қазақ түсінігінде қарудан айырылу намыстан айырылумен тең саналды. Осыншалық этнографиялық құндылығы бар коллекцияны жинау Жәңгір ханға оңайға түспегендігі белгілі. Ханның замандастары М.Киттары, К.Гебель, А.В.Терещенко шығармалары мұражай коллекциясының жүйелілігінін көрсетеді. Бұл сипаттамаларды зерттеу негізінде Қару-жарақ палатасын қазақ халқының тарихи-этнографиялық ерекшелігі анық көрініс тапқан Еуразия кеңістігіндегі алғашқы мұражай болғандығын айта аламыз.

Хан мұражайы нақты заттар арқылы тарихты білуге шақырды, қазақтардың Ресей мен Қазақстан тарихындағы ерекше орнын көрсетті. Мұражай жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімдерді қалыптастыра отырып, өзінің негізгі миссиясын орындады. Жәңгір ханның тарихқа деген сүйіспеншілігі мен болашаққа ұмтылысы таң қалдырып, бас идірерліктей. Кейінгі ұрпақтың мұражайды сақтай алмағандығы оның кінәсі емес, бірақ Қару-жарақ палатасының коллекциялары ізсіз жоғалып кеткен жоқ, олар табанды зерттеу жұмыстарын қажет етеді.

Табу және сақтау, келесі ұрпаққа Қазақстан тарихы жөнінде нақты, әрі дәлелді мұраны жеткізу үшін әрекет ету қажет. Мұндай мүмкіндік барлығымызға берілген, ал оны жүзеге асыру - баршамыздың ортақ міндетіміз.

«Егер ғылым да зор пайда әкелетін болса, біздің ұрпақтарымыздың білімсіз өмір сүруі мүмкін емес. Егер барлық ыңтамызды, қаржымызды жасөспірімдердің білім алуына жұмсасақ, берер жемісі де жүз есе артық болмақ», - деген Жәңгір ханның рухани өсиеті университет ұжымының бағыт берер бойтұмарына айналды. Аграрлық және техникалық білім беру саласындағы көшбасшы оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы 50 жыл ішінде            37 мыңнан астам маман даярлады. Университеттің көптеген ғалымдары мен түлектері Қазақстан экономикасына елеуліүлес қосып, үлгі алар мақтанышына айналды. Жас ұрпақ – студенттерге аға буынның жарқын істерін дәріптеу Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бөлімшесі боп саналатын Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық мұражайдың басты міндетіне айналды.

Мұражай құрылған уақытынан бері университеттің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. Құрылғаннан бергі он жыл ішінде мұражайда 29237 адам болды, 1335 экскурсия,           130 мәдени көпшілік шара өткізілді, облыстық радиодан 12 сұхбат берілді, есепке                       1714 жәдігерлік алынған, 133 көрме ұйымдастырылған, 232 дәріс оқылып, 57 мақала жарық көрген. Мұражай көрермендері - негізінен, студенттер, оқушылар, оқытушылар, ата-аналар, әр жылғы университет түлектері, сонымен қатар шетелдік қонақтар.

Мұражай қызметінде Бөкей Орда мен Жәңгір ханның ағартушылық қызметі тарихын, сондай-ақ өлке мен университет тарихын насихаттау ерекше орын алады. Оның осы іске қосқан үлесі 2006 жылы Облыстық мәдениет бөлімінің грамотасымен марапатталды. Облыстық телеарнаға әрқайсысы 20 минуттан тұратын 42 бағдарлама дайындалған. Бұл істің жоғары нәтижесі Жалпыресейлік «ТелеПроФи-2007г.» конкурсында Жәңгір хан туралы «Пересекающиеся параллели» атты бейнеочерк Бас жүлдеге қол жеткізуі болды.

Университетіміздің түлегі Жакибаев Мұрат Орынбайұлының продюсерлік орталығы ҰОС кезіндегі қазақтан шыққан жалғыз ұшқыш қыз Хиуаз Доспанова туралы «Успеть сказать спасибо...» фильмін түсіріп, оның Алматы қаласындағы 3 бөлмелі пәтерін жөндеп берді. Фильмнің дайындалуына өзіндік үлес қосқанымызды мақтан тұтамыз. Бұл жемісті әріптестік 2011 жылы да өз жалғасын тауып, Бөкей ордасының құрылғанына 210 жыл толуына арналған «Егер Бөкей болмаса...» атты деректі фильм түсірілді.

Мұражай – тәрбиелік мәні бар мәдени орын болып табылады, сол себепті де мұнда түрлі бағыттағы, түрлі аудиторияға арналған шаралар өткізу дәстүрге айналған. Университет жанынан ашылған мұражай болғандықтан, Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық мұражайында өтетін шаралардың қатысушылары – білім қуған студенттер. Болашақ маманның жан-жақты хабардар болуына септігін тигізетін мұражайдағы шаралар университеттің «Қазақстан тарихы және философия», «Қазақ және орыс тілдері» кафедраларымен де бірлесе  оздырылады. Мысалы, университеттің 50 жылдығы аясында университет көлемінде атап өтілген ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын бұл оқу орнының қаламызда құрылуының бастауында тұрған Бисен Жұмағалиевке  90 жыл толуына орай «Дархан ғұмыр» /Қайраткер, ардагер, ғалым/ атты кездесу кеші; Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «қара өлеңнің қанатты қаршығасы» атанған жерлес ақын ағамыз Қайрат Жұмағалиевтің «Жарық дүние» атты жаңа кітабының тұсаукесеріне арналған «Әлі де қаламымның қуаты бар...» аттыәдеби кешінің, оқу ордасының дамуына зор үлес қосқан ардагер ұстаздарды еске алуға арналған «Рухына тағзым етеміз...» атты ас беру шарасының және т.б. шаралардың өтуіне атсалыстық. 

Тарихи құжаттар мен жәдігерліктерді ғылыми айналымға енгізу әр мұражай қызметінің маңызды арнасы боп табылады. Ғылыми-зерттеу және ізденіс жұмыстарының бірегей нәтижелер бергенін мақтанышпен айтуға болады. Н.Ж.Төлеповтың Татарстан Республикасының Қазан қаласына (2004, 2008 және 2013 жж.), Ресей Федерациясының Орынбор (2006 жылдан 2013 жылға дейін), Санкт-Петербург (2008), Мәскеу (2007 және 2008 жылдар) қалаларына, Алматы (2005 ж.) мен Орал (2003-2008 жж.) қалаларына жасаған ғылыми-ізденіс экспедициялары нәтижелі болды. Осының негізінде мұражай қоры бұрын белгісіз боп келген мұрағаттық құжаттармен, 500-ден астам сақтау бірлігі мен Жәңгір хан қызметіне қатысты ХІХ ғасыр фотосуреттерімен, өңір мен университет тарихы туралы құжаттармен толықты.

Осы жылдар аралығында Ресей Федерациясының мұражайларымен, мұрағаттарымен және кітапханаларымен, сонымен қатар Татарстан Республикасының Ұлттық-мәдени ұйымдар қауымдастығымен  шығармашылық байланыстар орнатылды. 

Сонымен қатар, «Ерлікке тағзым» (2005), «Прикладное искусство Западного Казахстана» (2006) және «Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті: тарих және қазіргі кезең (1963-2008)» және (2013ж.) атты кітаптардың қосымша авторы ретінде шығарылуына өз үлесімді қосып , 30 астам ғылыми мақалалар жарияладым.    

Осы кезен ішінде, 48 жарияланым мен БАҚ беттеріндегі 22 сөз сөйлеп, университет бөлімшелерімен бірге университет пен мұражайдың веб-сайтын құруға қатысып, сондай-ақ мұражай қызметінде ИСО-9000-2001, ИСО-14001-2000 талаптарын қолдану жұмыстарын жүргіздім. 2008 жылдың қыркүйегінде «Алаш» қозғалысының 90-жылдығына арналған «Жымпиты-Семей-Жымпиты» автошеруіне қатыстым. 2010 жылдың қарашасында Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі делегациясының құрамында қазақтардың 1917 жылғы І Съезіне арналған және қазақ халқының біртуар ұлы Ахмет Байтұрсынұлының Орынбор қаласындағы мемориалдық тақтасының ашылуына қатыстым.

2013 жылдың наурызында БҚО әкімі Н.А.Ноғаев және Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Г.Оразбақовтардың басқаруындағы БҚО делегациясының құрамында Қазан университетіндегі белгілі мемлекет қайраткері, реформатор және ағартушы, Бөкей Ордасының ханы Жәңгір ханға арналған мемориалдық тақтаның ашылуына қатыстым.

Мұражайлар миссиясының - игілікті, мұражай қызметкерлері еңбегінің теңдессіз бағалы екендігі белгілі, себебі олар жастар бойына көпғасырлық тарихымызға деген құрметі сезімін сіңіреді. Олар өткен шақ мұрасын сақтап, қазіргі заман барысын қадағалай келе, болашаққа жол салады. Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық мұражай ел болашағы жастардың бойында төл тарихымызға деген асқақ отаншылдық сезімді тәрбиелей отырып, оларды даму мен жасампаздыққа үндеу арқылы өз миссиясын жоғары дәрежеде орындап келеді.

Вы здесь: Главная Басшылық және бөлімшелер Музей
Вы здесь: Главная Басшылық және бөлімшелер Музей